Былтыр Қазақстанда 1 жасқа дейінгі 2 мыңнан астам бала шетінеді – бұл бақылау тарихындағы ең жақсы көрсеткіш. Кейінгі онжылдықта сәби өлімі шамамен 2 есе азайды.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Ranking.kz дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.
Статистикаға сәйкес, өткен жылы 1 жасқа дейін шетінеген балалар саны 24,2%-ға қысқарған. Әсіресе ауылдық жерлерде жағдай айтарлықтай жақсарғаны байқалады.
Өңірлер бойынша ең жақсы көрсеткіш Ақтөбе облысында тіркелді – мұнда сәби өлімі 48%-ға азайған. Сондай-ақ Ақмола облысында көрсеткіш 42,9%-ға, Қостанай облысында 42,5%-ға төмендеген. Ал ең төмен өзгеріс Шығыс Қазақстан облысында байқалды: 2024 жылы 46 бала шетінесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45 балаға дейін ғана азайған (–2,2%).
1 жасқа дейінгі балалар өлімінің ең көп саны халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде тіркелді. Атап айтқанда, Түркістан облысында – 325, Алматы облысында – 176, Алматы қаласында – 155, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында – әрқайсысында 150 жағдай тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында байқалды – 24 бала.
Сонымен қатар 2025 жылы мың нәрестеге шаққандағы өлім коэффициенті алғаш рет ел тарихында 6-дан төмендеп, 5,97 болды. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 9,46 болған. Яғни соңғы он жылда сәби өлімі шамамен 40%-ға төмендеген.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық әлі де сақталғанымен, біртіндеп азайып келеді. 2025 жылы қалаларда мың туған нәрестеге шаққанда 5,53 бала шетінген (2024 жылы – 6,46). Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 6,66 болған (2024 жылы – 7,92).





