Құқық қорғаушылар құқықбұзушылықтың алдын алуда озық технологияларды игеруде. Мәселен, облыстық полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздік шараларын бақылауға дрондарды жұмсауда. Қазір тәртіп сақшылары күнделікті қызмет барысында 48 дронды пайдаланып отыр. Өңір құқық қорғаушыларының айтуынша, ұшқышсыз аппараттар қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтауда таптырмас құралға айналған.
Мұндай құрылғыларды қолданудағы басым мақсаттың бірі – жол-көлік оқиғаларын тіркеу. Дрондар 500 метр биіктікке көтеріліп, оқиға орын алған жердің фотограмметриялық картасын жасайды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары орын алған жағдайды жедел бақылауға, оқиғаның нақты көрінісін объективті тіркеуге және жолды жабу уақытын қысқартуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, ұшқышсыз аппараттар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге де тиімді. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, дрондар қоғамдық орындардағы ауқымды шараларды бақылауда, нақты уақыт режимінде құқықбұзушылықты анықтауда, оқиға орын алған кезде мониторингтік шараларды жүзеге асыруда таптырмас көмекшіге айналған. Мұнан өзге мұндай аппараттардың тиімділігі стратегиялық нысандарға заңсыз кіру деректерін анықтау кезінде де байқалған.
Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері дронның көмегімен 232 құқықбұзушылық анықталған. Бұл заң бұзушылықтардың сапында қоқысты заңсыз тастау, орманды аумақтарда ағаштарды рұқсатсыз кесу, заңсыз аңшылық деректері де бар. Кей дрондар жылу бейнелеуіштермен жабдықталған. Мұндай құрылғылар түнгі уақытта және адамның жетуі қиын аумақтарда болып жатқан қылмысты анықтауға тиімділігін көрсетті. Құқық қорғаушылар тұрғындарды дронның көмегімен тәртіпке шақырып, құқықбұзушылық тәуекелдерін едәуір төмендетіп жатқанын да алға тартуда. Олардың айтуынша, дронның жай ғана техника емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тиімді профилактикалық құрал.
Дастанбек САДЫҚ





