ҚР Конституциялық Соты азамат К. Молдағалиевтің Қылмыстық-процестік кодекстің үйқамаққа алу шарттарын реттейтін 146-бабының жекелеген ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Өтініш беруші тұрғынжайдан шығуға, қарым-қатынас жасауға, байланыс құралдарын пайдалануға және келушілерді қабылдауға толық тыйым салу оның конституциялық құқықтарын (сот арқылы қорғану, заң көмегін алу, денсаулықты қорғау, жақындарымен араласу және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқықтарын) бұзады деп көрсетті.
Іс материалдарын зерделей отырып, Конституциялық Сот үйқамаққа алу қоғамнан оқшаулауға бағытталған бұлтартпау шараларының ең қатаң түрлерінің бірі екенін, алайда ол адамды оның негізгі конституциялық құқықтарынан айыруға тиіс емесін атап өтті.
Сот үйқамаққа алу кезіндегі шектеулер:
– ақылға қонымды шектерде қолданылуға тиіс;
– адвокатпен қарым-қатынас жасауға кедергі келтірмеуге тиіс;
– медициналық көмек алуға, шұғыл қызметтерге жүгінуге және сот отырыстарына қатысуға мүмкіндік беруі тиіс;
– адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге тиіс екенін атап көрсетті.
ҚР Жоғарғы Соты берген түсіндірмелерді және қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді ескере отырып, Конституциялық Сот даулы 146-баптың ережелері құқықтарды толық шектеуді болдырмайтын конституциялық-құқықтық түсіндіру жағдайында Конституцияға сәйкес келеді деген қорытынды шығарды.
Сонымен қатар, Сот аталған нормаларды тәжірибеде еркін (өз бетінше) түсіндіруге жол бермеу үшін оларды заңнамалық тұрғыдан нақтылау қажеттігін көрсетті. Үкіметке алты ай мерзім ішінде Қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзетулерді ҚР Парламенті Мәжілісі қарауына енгізу тапсырылды.
Нормативтік қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, елдің бүкіл аумағында міндетті және шағымдануға жатпайды.
Талдықорған қаласының
прокуратурасы,
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және
қылмыстық қудалау бөлімі





