Талдықорған қаласындағы №14 мектеп-гимназиясында орналасқан сайлау учаскесінде Қазақстанның Құрметті жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін дауыс берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақын сайлау учаскесіндегі мерекелік көңіл-күй мен халықтың белсенділігіне тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
«Талдықорған шаһарындағы №14 мектеп-гимназиясында орналасқан сайлау учаскесіне аяңдай бет алғаннан көңілім көктем атты. Ағылған жұрт, жүздері шат, алдыға ширақ адымдайды. Учаскенің іші-сыртының көкарай безендірілуі мен ондағы жауапты жандардың ізет-құрметі тіптен бөлек. Келер дәуірден Мәшһүр Жүсіп бабамыздай (қой үстіне боз торғай жұмыртқалар заман) зор үміт күте Заң мен Тәртіп, Елдің ерен дамуы мен Ұрпақтың кемел келешегі үшін таңмен таласа дауыс бергендердің тобынан табылғанымның өзі – мен үшін биік Мәртебе, айтулы Мереке!», – деді қаламгер.
Руханият өкілінің саяси науқанға қатысуы өңірдегі мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауымның елдегі өзгерістерге деген жоғары жауапкершілігін айқындайды. Осы тарихи сәттегі аға буын өкілдерінің ақ батасы мен таңдауы жас ұрпақ үшін маңызды.





