Жетісу облысының Кербұлақ ауданында өтіп жатқан маңызды саяси науқанда спорт саңлақтары ерекше белсенділік танытуда. Атап айтқанда, атақты «Малайсары» жағажай футбол клубының ойыншылары бір кісідей жиналып, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кербұлақ ауданындағы №189 сайлау учаскесіне келген «Малайсары» жағажай футбол клубының капитаны Самат Ысқақов бастаған команда мүшелері елімізді келелі келешекке бастайтын саяси үдерістен қалыс қалмауға бел буған. Спортшылар үшін бұл сәт тек дауыс беру ғана емес, мемлекеттің даму бағытын айқындауға қосқан үлесі болып табылады.
Команда капитаны Самат Ысқақов өз таңдауының мәнін былай түсіндірді:
«Біз үшін Қазақстанның өркениетті ел болғаны керек. Еліміздің әрбір тұрғыны қолайлы жерде өмір сүруін қалаймыз. Командамыз үшін, жанкүйерлер үшін дұрыс таңдау жасадық».





