Мен бүгін ел болашағына қатысты маңызды қадам жасадым. Бұл – жай ғана таңдау емес, бұл – елдің ертеңіне деген сенімнің көрінісі деп ойлаймын. Әр азаматтың дауысы – мемлекеттің дамуына қосқан үлесі. Сондықтан өз таңдауымды жасау мен үшін үлкен жауапкершілік болды.
Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Уақыт өткен сайын қоғам да, талап та өзгереді. Сол себепті заңдар мен ережелер де заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Жаңа Конституция осы өзгерістерге бейімделген, халықтың мүддесін қорғауға бағытталған маңызды құжат деп түсінемін. Дауыс беруге барған сәтте мен тек бүгінгі күнді ғана емес, ертеңгі өмірімді де ойладым. Өйткені, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ел дамуының бағытын айқындайтын басты құжат. Сондықтан оған қатысты әрбір шешім үлкен мәнге ие.
Сондай-ақ, бұл – еліміздің тұрақтылығы мен дамуына деген сенімімнің белгісі. Әрбір азамат ел тағдырына бейжай қарамай, өз пікірін білдіруі қажет деп есептеймін. Себебі, мемлекет болашағы – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз – тәуелсіз елдің жастары, еркін ойлап, еркін білім алып, өз арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік алған буынбыз. Осындай мүмкіндіктердің бәрі елдегі тұрақтылық пен заң үстемдігінің арқасында екені анық. Конституция – сол тұрақтылықтың, әділдіктің және дамудың негізгі кепілі.
Әсіресе, жастар үшін тең мүмкіндік, әділетті қоғам құру, ел басқаруға халықтың белсенді қатысуы – маңызды құндылықтар.
Мен дауыс беруге барғанда өзімді елдің болашағына үлес қосып тұрғандай сезіндім. Біз болашақта қандай қоғамда өмір сүргіміз келетінін дәл осындай шешімдер арқылы көрсетеміз. Жастар – елдің ертеңі деп жиі айтылады. Бірақ, ертеңді бүгіннен бастау керек. Болашақта Қазақстанның одан әрі гүлденіп, әділетті, дамыған мемлекетке айналатынына сенемін. Ал сол болашақты қалыптастыру – әрқайсымыздың қолымызда.
Дария Қуатжан,
Республикалық «Қазақ аруы» байқауының жеңімпазы





