Қазақстандағы жаңа Конституцияға байланысты өтіп жатқан референдумға Түркияда білім алып жүрген қазақ жастары да белсенді түрде қатысып, азаматтық жауапкершіліктерін көрсетті.
Дауыс беру Анкара қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде ұйымдастырылды. Референдумға Түркияның тоғыз қаласынан келген қазақ студенттері қатысты. Жалпы дауыс берушілер саны шамамен 1500 адамға жуықтады.
Жолдан келген студенттерді Анкарадағы қазақ жастары қарсы алып, бауырсақ, су және сэндвичтар ұсынып, жылы шырай танытты. Қазақ жастары мәдени іс-шара ұйымдастырып, ұлттық өнерімізді дәріптеді. Студенттер домбырамен күй тартып, ән айтып, дәстүрлі билер орындады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қатысушылар Анкара Хаджы Байрам Вели университетіне барып, студенттер дайындаған 1500 адамға арналған палаудан дәм татты. Ораза ұстап жүрген студенттерге палау арнайы бокстарға салынып, суы мен тәттісімен бірге ауызашарға берілді.
Референдумға келгендерді қарсы алу және ұйымдастыру жұмыстарына Анкара қаласынан 40 студент волонтер ретінде атсалысты.
Жантөре Бектасов,
Анкара қазақ жастары басқармасының төрағасы, Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің студенті





