Қаратал ауданында белсенділік танытып, сайлауға ұжыммен келіп дауыс беріп жатқандар көп, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Атап айтсақ, мейрамхана, дүкен, демалыс орындары және тұшпара шығаратын цех бар «ЛАД» кәсіпорында еңбек ететін ұжым мүшелерінің 50-ге жуығы №134 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Олар әр адам қабылдаған шешім мемлекетіміздің одан әрі дамуына әсер ететінін айтып, жұртшылықты дауыс беруге шақырды.
Сонымен қатар, №170 сайлау учаскесінде жиналған «ТастөбеАгрофуд» ұжымының 50-ге жуық қызметкері де өз таңдауларын жасады.
Ірі шаруа қожалығы саналатын «ТастөбеАгрофуд» ЖШС табысты еңбек көрсетіп келеді. Кәсіпорынның негізгі бағыты – сүт өндірісі. Мұнда Зеңгі баба тұқымын өсіруге ерекше көңіл бөлінген. Шаруашылықта негізінен симментал тұқымды сиырларды ұстайды. Қазіргі уақытта қожалықта 500-ге жуық ірі қара мал бар. Кәсіпорын тәулігіне 10-12 тоннаға дейін сүт өндіреді. Сонымен қатар, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«ТастөбеАгрофуд» директоры Шыңғыс Ахметов те ұжымымен бірге сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Ол: «Ауыл еңбеккерлері елдің болашағына бейжай қарамайды. Маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысу – әр азаматтың борышы», – деді.







