Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылындағы №33 референдум учаскесінде 90 жастағы Зейнепхан Әбенова өз үйінде отырып таңдау жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жасы ұлғайғанына қарамастан, ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмаған ардақты тұрғын азаматтық белсенділіктің шынайы үлгісін көрсетті.
Дауыс беру учаскесінің комиссия мүшелері арнайы барып, заң талаптарына сәйкес үйінде дауыс беруіне барлық жағдайды жасады. Осы қадам денсаулығына немесе жасына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың конституциялық құқығын толық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Зейнепхан апай ел тағдыры шешілетін сәтте өз пікірін білдіруді перзенттік парызы санап, ақ батасын берді. Кейуана өз толқынысын былайша жеткізді:
«Ел болашағына қатысты маңызды сәтте өз таңдауымды жасау – мен үшін үлкен жауапкершілік».
Көшкентал ауылындағы №33 учаске өкілдерінің қарияларға көрсеткен құрметі мен жедел қызметі саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын аңғартады.





