Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес ауылындағы №116 сайлау учаскесінде «Хильниченко және К» шаруа қожалығының 30-ға жуық қызметкері референдумға қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауыл еңбеккерлерінің айтуынша, ел үшін маңызды саяси науқандарға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі. Мемлекеттің дамуы мен ауыл шаруашылығының өркендеуі ауыл тұрғындарының әл-ауқатымен тығыз байланысты.
Айта кетейік, «Хильниченко және К» шаруа қожалығы 1998 жылы Виктор Петрович Хильниченконың жетекшілігімен құрылған. Бүгінде бұл шаруашылық ауданның ірі аграрлық кәсіпорындарының бірі саналады. Қожалықтың жер қоры шамамен 39 мың гектарды құрайды. Мұнда бидай, арпа, соя, қант қызылшасы және мал азықтық дақылдар өсіріліп, мал шаруашылығы да қатар дамып келеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Ұжымның референдумға қатысуы ауыл еңбеккерлерінің азаматтық белсенділігін тағы бір мәрте көрсетті.





