Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан жастармен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент бұл күннің ел тарихындағы маңызы ерекше екенін атап өтіп, қоғамдық-саяси науқанға белсене араласқан жастарға алғысын білдірді.
Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституцияның, ең алдымен, жастардың болашағына бағытталған құжат екенін айтты. Оның айтуынша, Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация және жасанды интеллект сияқты заманауи ұғымдардың енгізілуі – соның айғағы.
Мемлекет басшысы референдум қарсаңында ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенін атап өтіп, алдағы саяси науқандарға да тоқталды.
Алдымызда әлі де маңызды жұмыстар бар. Жаз мезгілінде Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз қажет. Менің ойымша, бұл жастардың парламенті болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





