Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, танымал былғары қолғап шебері Назым Қызайбай әлемдік рейтингте көтеріліп, жаңа белесті бағындырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
BoxRec порталының салмақ дәрежесіне қарамастан (P4P) жасалған жаңартылған тізімінде отандасымыз 7-орынға табан тіреп, әлемнің ең үздік он боксшысының қатарынан көрінді. Қызайбай мұндай деңгейге көтерілген Қазақстаннан шыққан жалғыз спортшы ретінде тарихқа енді.
Әлемдік рейтингтің көш басында Қытай өкілі У Ю тұрса, одан кейінгі сатыларға Ирландия, Канада және Түркия боксшылары жайғасқан. Назым Қызайбай жетінші орынды иеленіп, өзінің жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар әлемдегі ең үздік 50 әуесқой боксшының тізімінде Қазақстанның тағы төрт өкілі бар: Алуа Балқыбекова 11-сатыда, Аида Әбікеева 20-орында, Виктория Графеева 22-орында және Наталья Богданова 35-орында тұр. Бұл көрсеткіш еліміздегі әйелдер боксының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.
Назым Қызайбай қазақстандық бокс тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі саналады. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионатында топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық атанды. Спортшының қоржынында Азия чемпионатының алтын медалі мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдесі де бар. Назымның бұл жетістігі жас спортшылар үшін үлкен мотивация болып қана қоймай, ұлттық спорттың әлемдік аренадағы мәртебесін асқақтата түсті.





