Кейінгі кезде Жетісудағы футзалдың тағдырына алаңдап, оң нәтижеге бет алған істің бүгін үзіліп қалғанын қаламайтын бір шоғырдың пайда болғандығы бар. Олар жастардың нәтижесін алға тартып, маусым басындағы көрсеткішпен бүгінгі есеп-қисапты ұсынады. Үңілсеңіз, Жетісудағы футзал қарқынды дамып, әуесқойлар арасында кең қолауға ие болғандығын, ал жас кәсіби ойыншылардың тәжірибесі өскендігін көресіз.
Иә, ел чемпионатындағы «Жетісудың» дәл қазіргі жағдайы көңіл қуантатындай емес. Бірақ, чемпионаттағы ең жас құрам екенін, осыған дейін көбісі кәсіби клубта ойнамағандығын және оларды бас бапкер Биро Жаде «жасап» шыққандығын ескеруіміз қажет. «Жетісу» дәл қазір чемпионатта 32 ойыннан кейін 13 ұпаймен 12-орында келеді. Одан кейін 10 ұпай жинаған «Шымкент» бар.
– Жастардың ойыны көңіл қуантады. Таза еңбек. Команданың барлығы дерлік жетісулықтар. Қазірдің өзінде мықтылармен иық тірестіре ойнап, олардың оң бағасын алып жатыр. Бұл жігіттерге әлі екі маусым берсек, еліміздегі негізгі тірек ойыншыларға айналары анық. Осы тұрғыда «Ақтөбені» мысалға алсақ болады. Дәл қазір өзінің түлектерімен чемпионатта үшінші орында келеді. Бұл «Жетісудың» да қолынан келетін іс, – дейді Instagram желісіндегі FutsalKazakhstan парақшасының белді шолушысы, әуесқой лигада жеңіске жетіп жүрген командаларыдың бапкері Бекет Парух.
Рас, «Жетісу» футзал клубының ойыншысы 19 жастағы Мади Маратұлы чемпионатта 18 гол салып үздік 10 мергеннің тізіміне енді. Бұл көшті Альберт Ақбалықов («Ақтөбе») 37 гол мен бастап тұр. Одан кейін 34 гол салған «Семей» ойыншысы Дедезиньо келе жатыр. Тағы бір «Жетісу» командасының 21 жастағы ойыншысы Ерназар Бекбосыновтың ойынын да айрықша атап өтсе болады. Ол өзі қатысқан 26 матчта 9 гол салып, 6 пас берген. Бұл ойыншының карьерасындағы ең нәтижелі маусым. Чемпионатта әлі ойынның бар екенін ескерсек, Ерназардың бұл нәтижені жақсартуға мол мүмкіндігі бар. «Жетісу» сапында ел чемпионатында сілкініс жасаған ойыншылардың қатарында 19 жастағы қақпашы Дәурен Қайратұлы (25 ойында 1 гол салды), 18 жастағы қорғаушы Бексұлтан Тілеухан (32 ойында, 3 гол салды), 18 жастағы Аят Мұсабаев (30 ойында, 13 гол салды), 19 жастағы Жанасыл Алмасұлы (30 матчта 11 гол салды), 20 жастағы Мадияр Тұрғамбайдың (26 ойында 1 гол салды) есімін айтсақ болады.
Өткен маусымда тәжірибелі ойыншылармен қатар легионерлердің күшімен «Жетісу» чемпионаттағы үздік командалардың бірі болды. Биыл жергілікті жастарға мүмкіндік беріп, олардың паркетте өзін көрсетуіне толық жағдай жасады. Былтыр жабылып қалуы мүмкін болған команда бүгінде өз ойыншылары ойқастай бастағанда дәл осы мәселенің қайта алдынан шыққандығы бар. Бұл жөнінде «Жетісу» футзал клубының директоры Әділет Талғатов:
– Кейінгі кезде командамыздың жабылуы мүмкін екендігі туралы көп айтылып жүр. Клуб директоры ретінде бұл мәселеге нүкте қойып, өз позициямды ашық білдіргім келеді. Неге команданы сақтап қалуымыз керек? Бүгінде футзал елімізде қарқынды дамып келе жатқан және ең танымал спорт. Басқа ірі спорт түрлерімен салыстырғанда, футзал клубын ұстап тұруға кететін шығын әлдеқайда аз. Біз бюджеттің әр теңгесін тиімді пайдаланып, аз қаражатпен үлкен іс жасап келеміз. Біздің құрамда легионерлер емес, өзіміздің жетісулық жастары ойнап жүр. Бұл – тек спорт қана емес, жүздеген баланың үміті мен болашағы. Осы жастарға 2-3 жыл уақыт берсек, үлкен жетістіктерге қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Клубты жабу туралы шешім қабылдау – бұл жай ғана ұйымды тоқтату емес, бұл өз жеріміздің талантты жастарына жасалған қиянат болар еді. Біз жастаға үлкен мүмкіндік сыйладық. Енді сол үмітті сөндіруге қақымыз жоқ, – дейді.
«Жетісудың» негізі командасынан бөлек 19 жасқа дейінгілер арасындағы ойыншылары чепионатта үздік нәтиже көрсетіп, алдыңғы қатарда келеді. Команданың бас бапкері Еркебұлан Мұсабековтің айтуынша жастарымыздың қарқыны жақсы, тек сеніп, оларға мүмкіндік беруіміз керек. Ал Талдықорғанның өзінде әуесқой лигада командалар саны 100-ден асады және олар жас айырмашылықтары бойынша бөлінеді. Жетісудағы футзалдың дамуы жақсы, тек кәсіби команданы жабуы арқылы жас ойыншыларымыздың жігерін өшіріп алмасақ болды.
Серік ҚАНТАЙ





