Еліміздің демографиялық жағдайы мен әлеуметтік бейнесін айқындайтын маңызды мәліметтер жарияланды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы республика көлемінде 115,9 мың неке тіркелген. Дегенмен, қуанышты сәттермен қатар ажырасу көрсеткіші де қоғам үшін өзекті мәселе болып қалып отыр. Өткен жылы 45,7 мың жұп заңды түрде жолдарын екіге айырған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Статистикалық талдау көрсеткендей, некелесу деңгейі бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Елордада әр 1000 адамға шаққанда 6,75 некеден келеді. Одан кейінгі орындарда Қарағанды (6,32) және Шығыс Қазақстан (6,27) облыстары орналасқан. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда өңірінде байқалды. Айта кетерлік жайт, жастардың басым бөлігі, атап айтқанда 68,1 пайызы қалалық жерде отау құруды жөн көрген.
Отбасын құрушылардың жас ерекшелігіне тоқталсақ, ерлер орташа есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста алғаш рет некеге тұрады. Жалпы некелердің 80,4 пайызы моноэтностық болса, 19,6 пайызы ұлтаралық одақтар. Қазақстандықтар үшін үйлену тойын өткізуге ең қолайлы уақыт – жаз айлары. Әсіресе шілде айында 13 мыңға жуық жұп некесін қидырған.
Өкінішке қарай, ажырасу мәселесінде Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары жоғары коэффициент көрсетіп отыр. Ең тұрақты отбасылар Түркістан облысында шоғырланған. Ерекше назар аударатын жайт – ажырасулардың 35 пайызы 1-4 жыл ғана отасқан жас отбасыларға тиесілі. Отау құрғаннан кейін бір жылға жетпей айырылысқандар үлесі 8 пайызды құрады.
Мамандар жас отбасылардың алғашқы жылдары-ақ ажырасуын психологиялық дайындықтың төмендігімен және тұрмыстық қиындықтармен байланыстырады. Мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайту бағытында түрлі бағдарламалар қолға алынған. Дегенмен, әрбір азамат үшін шаңырақтың беріктігі мен ұрпақ тәрбиесі басты құндылық болуы шарт.
Отбасы – мемлекеттің тірегі. Жас жұбайлардың өзара түсіністігі мен сабырлылығы болашақ мықты қоғамның негізін қалайды.





