Адам денсаулығы – ұлт болашағының айнасы. Ал осы жауапты салада мейіргерлердің орны ерекше. Күн сайын науқаспен бетпе-бет келіп, оның жағдайын бақылап, үміт пен сенім сыйлайтын да осы ақ халатты жандар. Сондықтан бүгінгі таңда мейіргер ісіне тек орындаушылық емес, көшбасшылық тұрғысынан қарау – уақыт талабы.
Қазіргі денсаулық сақтау жүйесі күрделеніп, қызмет көрсету сапасына қойылатын талап күшейген сайын мейіргердің рөлі де жаңа деңгейге көтерілуде. Ол енді тек дәрігер нұсқауын орындаушы емес, емдеу үдерісінің белсенді қатысушысы, ұжым жұмысының үйлестірушісі, тіпті өзгерістердің бастамашысы. Осы тұста мейіргер ісіндегі көшбасшылық ұғымы алдыңғы қатарға шығады.
Көшбасшы мейіргер – бұл тек қызметті ұйымдастыратын маман емес. Ол ұжымға сенім ұялата алатын, әріптестерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білетін жан. Мұндай маман ұжымдағы әр қызметкердің қабілетін танып, оны тиімді бағытта қолдана алады. Нәтижесінде жұмыс сапасы артып, медициналық қызмет көрсету деңгейі жоғарылайды.
Ең бастысы, көшбасшылық сапалы күтіммен тікелей байланысты. Себебі, мейіргер пациентпен ең жиі байланыс жасайтын маман. Оның кәсіби біліктілігі, қарым-қатынас мәдениеті мен ұйымдастырушылық қабілеті науқастың емделу барысына ғана емес, психологиялық жағдайына да әсер етеді. Ал көшбасшылық қасиеті бар мейіргер ұжымдағы үйлесімділікті сақтап, пациентке бағытталған қызмет моделін қалыптастырады.
Медицина – үздіксіз жаңарып отыратын сала. Жаңа технологиялар, цифрлық жүйелер, инновациялық емдеу әдістері күн сайын енгізілуде. Осындай өзгерістерге ілесу үшін мейіргерлер тек тәжірибемен шектелмей, білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл ретте көшбасшы мейіргерлер ұжымын алға жетелеп, кәсіби дамудың қозғаушы күшіне айналады. Олар әріптестерін оқуға, ізденуге, ғылыми ортаға араласуға ынталандырады.
Мейіргерлік көшбасшылық – ұжымдағы адами қарым-қатынастың сапасын айқындайтын фактор. Денсаулық сақтау саласындағы жұмыс ауыр әрі эмоциялық тұрғыдан күрделі. Мұндай жағдайда өзара қолдау мен сенімге негізделген орта қалыптастыру аса маңызды. Көшбасшы мейіргер дәл осындай ахуалды қалыптастырып, күйзелістің алдын алуға, жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сала мамандарының айтуынша, тиімді көшбасшылық бар жерде қателік азайып, пациент қауіпсіздігі артады. Демек, бұл тек басқару тәсілі ғана емес, медициналық көмектің сапасын анықтайтын стратегиялық құрал.
Мейіргер ісіндегі көшбасшылық – заман талабынан туған қажеттілік. Бұл – сапалы күтімнің, кәсіби өсудің және ұжымдық үйлесімнің негізі. Сондықтан медициналық білім беру жүйесінде болашақ мейіргерлерге тек кәсіби дағдыларды ғана емес, көшбасшылық қабілеттерді де қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Жангүл ЖАЙЫҚҚЫЗЫ,
жетекшісі: Айдана СЕЙТХАНОВА,
ШЖҚ «Талдықорған жоғары
медициналық колледжі» МКК
Талдықорған қаласы





