Көктемнің көркем лебі есіп, тіршілік түлеген шақта ел көңіліне шуақ құятын Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы «Шаңырақ күні» аясында Талдықорған төрінде тағы бір игі іс жүзеге асты. Қадырғали Жалайыри көшесінде бой көтерген бесқабатты үйдің кілтін облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ табыстап, көптің қуанышын еселей түсті.
Пәтер алушылардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасылар, балалар үйінің түлектері бар.
Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы азаматтарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – өңір дамуының басым бағыты екенін атап өтіп, бақытты қоныс иелеріне салтанатты түрде кілттерді табыстады.
– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Президенттің бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ұстанымы да адамға бағытталған мемлекет құру, қарапайым азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл орайда біз халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыс құрылғаннан бері тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп келеміз. Жыл соңына дейін тағы шамамен 1400 пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Осы мерекенің қарсаңында жаңа қонысқа ие болып отырған жандарды шын жүректен құттықтаймын. Жаңа қоныстарыңыз ырыс пен берекеге толып, осы үйде өсіп-өне беріңіздер! Дәстүрлі жаңа жылымыз – Жыл басы Наурыз әр шаңыраққа бақыт пен шаттық, молшылық пен береке әкелсін, – деді аймақ басшысы.
Жылдар бойы кезегін күткен жандар үшін бұл күн шын мәнінде ерекше қуанышқа толы болды. Қоныс иелерінің қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері бар, олардың көбісі өз бетінше баспана ала алмауы мүмкін еді.
Көпбалалы ана Динара Бакаева үшін үш бөлмелі пәтер алу нағыз қуаныш болды.
– Төрт балам бар. Бізге кең баспана өте қажет еді. Кілттің дәл Наурызда, «Шаңырақ күнінде» табысталуы – жақсылықтың нышаны деп қабылдадым. Облыс құрылғаннан бері қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Құрылыс қарқыны артып келеді, бұл кезекте тұрған жандарға үлкен үміт сыйлайды, – дейді көпбалалы ана.
– Балалар үйінің түлегімін, шамамен 15 жыл кезекте тұрдым. Қазір қолымда осы кілтті ұстап тұрған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты сезіну, өз үйіңнің бар екенін түсіну – бұл мерекедегі ең үлкен сый. Осы арманның орындалуына көмектескен жандардың барлығына алғыс айтамын, – дейді көптен күткен қуанышқа қол жеткізген Артем Попов.
Өткен жылы облыс орталығында 1283 пәтер мен коттедж қалашығындағы үйлер берілді. Соның арқасында жалпы кезек 9%-ға қысқарды.
2026 жылға арналған жоспарлар да ауқымды: 177 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Бұл 1429 отбасыға арналған 26 заманауи көпқабатты тұрғын үй.
Қ. Жалайыри көшесіндегі жаңа үй жанындағы мерекелік шара жылы лебіздермен, «шашу» рәсімімен және «Қоныс құтты болсын!» деген ақжарма тілектермен жалғасты. Наурызнаманың мәні де осында – ежелгі дәстүрлерді заманауи жетістіктермен ұштастырып, әрбір мерекені халық игілігіне айналдыру.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





