Қазіргі таңда көзге оғаш көрінер бір құбылыс буыны қатып, жігері тасып тұруға тиіс жастар болмашыға болбырап, титтей сынаққа төтеп бере алмай, тағдырға налып, торығуға бейім тартып кеткен. Бұл, әрине, тұтас бір кезеңнің келбетін аңғартар нышан. Баяғының жастары «басына іс түссе, белін буып, бекем тұрар» еді, ал бүгінгінің кейбірі «жел тұрмаса да жапырақтай қалтырап», көңіл күйдің жетегінде кетуге бейіл.
Бұған себеп аз емес. Әуелі, бүгінгі ақпарат тасқыны алдамшы дүние. Әлеуметтік желідегі жылтыраған тіршілік жалған көрініс. Соған еліктеген жас өз өмірін кем санап, «маған неге бұйырмады» деп қамығады. Осылайша, рухани әлсіздік дендеп, жан дүниеде тұмандану пайда болады. Тіпті кейбірі күйзелістің құрсауына түсіп, депрессияға бой алдыруды әдетке айналдырып бара жатқандай. Бұл деген жасөспірімдердегі ішкі тіректің босап бара жатқанының белгісі.
Тағы бір түйткіл – тәлім-тәрбиенің әлсіреуі. Бұрын «сабыр түбі – сары алтын» деп ұрпақтың құлағына құйып өсіретін еді, ал қазір ондай ұлағатты сөз әр шаңырақта айтылып жүрген өсиет емес. Қиындық көрсе, «тағдырдың ісі» деп қол қусырып отыру ерге лайық мінез емес. Алаштың ардақтылары «ер жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған. Демек, бүгінгі жасқа да қайрат, төзім, бекзаттық болмыс жат ұғым емес, бірақ сол қасиетті ұштау кемшін түсіп тұр.
Бүгінгі буынның екінші бір осалдығы өмірдің шын салмағын сезінбеуі. Барлығы оп-оңай, қиналмай келуі тиіс деген түсінік қалыптасқан. «Бейнет түбі – зейнет» екенін ұғынбай, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруге дағдыланған көңіл, сын сағатта сыр бермей тұра алмайды. Осындай сәтте жігер жанып, намыс қайралуы тиіс еді, алайда кейбірі еңсесін тіктеудің орнына еңкейтіп, ебі соқса ебіл-дебілі шығып еңіреуді жөн көреді.
Дегенмен, бұл – бүгінгі жастың бәрі осал, бәрі жылаңқы деген сөз емес. Қай дәуірде де қайсар ұл, намысты қыз болған, бола да береді. Бірақ көбейіп бара жатқан енжарлық пен күйзеліске бейімділік елеусіз қалатын құбылыс емес. Өйткені «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағида бар, ал бесіктен шыққан буынның босаң болуы болашақтың берік болуына кепілдік бере ме?!
Дейтұрғанмен, кінәні тек жастарға артуға болмайды. Бұл әуелі қоғамның да, ортаның да, тәрбие мен тағылымның да ортақ олқылығы. Жасқа жастайынан рухын қатайту кейінге қалдырар шаруа емес. Себебі тағдырға налып, торығуға бой алдырған, күйзеліске тез берілетін ұрпақ ұлы мұратқа жетелемейді. Ал «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қайсар буын ғана елдің еңсесін тіктей алады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





