Бүгін еліміздің барлық білім ордаларында Наурыз мейрамына орай «Ұлттық ойындар керуені» атты ауқымды республикалық акция жалауын желбіретті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігіннің мәліметінше Астана уақытымен сағат 10-00-де бір мезетте басталған шараға 1-11 сынып оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар қауымы белсене атсалысуда. Акцияның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті ояту және қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін кеңінен насихаттау.
Аталған бастама жастардың дене шынықтыруға деген құлшынысын арттырып, мәдени мұрамызды дәріптеуге септігін тигізеді. Мектеп аулалары мен спорт залдарында нағыз фестивальдік атмосфера орнаған. Бағдарлама аясында оқушылар асық ату мен бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тарту және ләңгі тебу сияқты ойындардан бақ сынасуда. Мергендік пен ептілікті қажет ететін бұл сайыстар төменгі сынып оқушылары арасында жоғары қызығушылық тудырса, логикалық ойлауды дамытатын тоғызқұмалақ мектеп зияткерлерінің басын қосты.
Мамандардың пікірінше, мұндай іс-шаралар оқушылардың цифрлық құрылғылардан сәл де болса алшақтап, белсенді қозғалысқа көшуіне және ұжымдық бірлікті сезінуіне үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналардың мектеп өміріне қатысуы отбасылық құндылықтардың нығаюына оң ықпал етеді. Айта кетейік, көктем мерекесін атап өту шаралары 12-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтуде. Осы уақыт ішінде барлық білім ордаларында танымдық челлендждер, экологиялық акциялар мен мәдени кештер ұйымдастырылуда. Шаралардың барлығы оқушыларды ортақ мәдени кеңістікте біріктіріп, ұлттық кодты сақтауға негізделген.





