Облыстық әкімдікте нашақорлықтың профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік штаб төрағасының орынбасары Марлен Көлбаевтың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың 1-ші отырысы өтті.
Жиында екі мәселе қаралды. Әуелі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар, нашақорлықтың және есірткі құралдарының таралуының алдын алу кеңінен талқыланды. Екінші кезекте есірткі зертханаларын ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту, олардың жолын кесу, сондай-ақ, «синтетикалық есірткіні» өндіру үшін пайдаланылатын жабдықтарды (конструкторлардың), прекурсорларды, реакторларды, өзге де заттардың қоймалары мен жасырылған орындарын анықтау мен жою мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерасыл Ұзақов баяндама жасап, есірткіге қарсы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді жоспар шеңберінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өкіметтік емес ұйымдармен, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жастар қанатымен және еріктілермен 205 профилактикалық іс-шара өткізді. Барлық білім ордаларында есірткіге қарсы дәріс бекітілді. Екінші жедел іздестіру шаралары бойынша жыл басынан облыста есірткінің заңсыз айналымы бойынша 37 құқықбұзышылық тіркелді. Оның 20-сы есірткі қылмысы. Жедел шараның нәтижесінде 21 азамат ұсталды. Оның бесеуі наша жасырушы. 68 келі әртүрлі есірткі тәркіленіп алынды дей келе, атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.
Ерасыл Ұзақовтың айтуынша, ақпан айында есірткі таратқаны үшін 3 адам ұсталыпты. Олардың бірі өзбекстандық азамат. Тексеру барысында 111 қорап, 500 грамм есірткі тәркіленген. Ал наурыз айында ұсталған 2 әйелден 6 келі есірткі табылған. Облыс аумағында жедел іздестіру шарасы бойынша қылмыстық топ ұсталып құрықталды. 5 адамнан тұратын топтан 28 келі наша тәркіленді. Сонымен қатар, есірткіні тарататын және жарнамалайтын 577 сайт, 183 банк шоты бұғатталыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша есірткіге тәуелді 200-ден астам адам есепте тұр.
Шара барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов, қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков есірткінің алдын алу бойынша баяндама жасады. Жиын соңында штаб төрағасының орынбасары Марлен Көлбаев нашақорлыққа қарсы шараларды күшейту, жастарды саламатты өмір салтына қызықтыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қарқынын арттыру бойынша және есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын күшейту, синтетикалық есірткілерді жеткізетін арналарға мониторинг жүргізу, сондай-ақ, интернет-ресурстар арқылы таратылатын заңсыз контентті анықтап, бұғаттау жұмыстарын жандандыру бойынша нақты тапсырма жүктеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





