Сен – қазақсың! Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек, – деп жырлаған Күләш Ахметованың өлеңіне тебіренбеген жүрек кемде-кем шығар?! Сол тебіреністі сезінгіңіз, түйсінгіңіз келсе Талдықорғанның орталық алаңына барсаңыз бұрын-соңды көрмеген тамашаға тап боласыз. Қытымыр қыста құрылатын жасыл желекті шыршаның орнынан еңселі, қазақтың қастерлі киіз үйін көресіз. Көріп қана қоймайсыз-ау, ет жүрегіңіз елжіреп, азат күнге тәу етесіз.
Уа, қасиетті қара шаңырақ, сенің төбеңе бұлт үйірілмеуін, шайқалып, шатынап, шағылып қалмауыңды әуелде бабалар Жаратқаннан сұрап, арман етпеді ме?! Сол арман бүгін орындалып, бағзыдағылардың балалары өзіңді бақанмен төбесіне көтеріп, енді бейқам той-тойлап, беймаза тіршілікте байыздап өмір сүріп жүргеніне сен куәсің. Бұл әдемі отау бүтін бір ұлттың жаратылысын айшықтап тұрғаны ақиқат. Саған қарап қазақтың қарапайымдылығын, кеңдігін, дархандығын, пейілінің ақтығын көреміз. Саяңда талай ұрпақ дүниеге келіп, талай тағдыр тоғысып, талай арман қанат қаққанын да білеміз. Ал бүгін Жетісудың төрінде қайта тігілуің – өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспетті әсерге бөлеуде.
Қара жердің үстінде есті ұрпақ жүргенде қасиетті шаңырақ ешқашан ескірмейсің, жай ғана көрме болып та қалмайсың. Саған қарау – ұлттың өз-өзіне қайта үңілуі, тамырын ұмытпаған халықтың рухани жаңғыруы.
Қаланың қақ ортасында менмұндалап тұрған сұлбаң аталардың үнсіз аманатындай, болашаққа бағытталған үндеуіндей естіледі. Маңыңа жиналған жұрттың жүзінен бір жылылық, бір сағыныш байқалады. Олар да өткеннің лебін сезінгісі келеді. Тарихтың тамыры, тағдырдың таңбасы, тіршіліктің тынысы екеніңді осы күнгі ұрпақ білсе ғой, шіркін!..
Көшпелі өркениеттің шоқтығы биік жетістігі болып мәңгі сақталарыңа дау жоқ. Уақыт сынынан өткен, ұлттың болмысын сақтап қалған асыл мұра екеніңе де көңіл кәміл иланған. Саған ой жүгіртсек терең тарихқа, тұтас мәдениетке, бүтін бір әлемге енгендей күйге түсеміз. Қазақтың жүрегі соққан, рухы тіршілік еткен қасиетті мұра – сені төрге оздырып, қастер тұтқан жандардан айналдық!
Медет ЖҰМАБАЙ





