Биылдан бастап Түркияда Наурыз мейрамы мемлекеттік деңгейде тойлануда. Бұған дейін аталмыш байрам бейресми аталып өтіп келген.
Анкарада өткен мемлекеттік шарада Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған:
– Наурыз ортақ мәдениетіміз, ортақ тарихымыз және ортақ көңіліміздің ең маңызды нышаны. Наурыздың бұл құндылықтарын арттыра түсу қажет. Бірқатар түркі мемлекетінде ресми мереке ретінде аталып өтетін Наурызды барлығымыз бірге тойлайтын уақыт келді, – деді.
Бұрын Түркияда күн мен түннің теңелуін ән айтып, би билеп, оттың үстінен секіріп, темір соғып тойлаған. Түрік ағайындар аталмыш мейрамда бала-шағаға сыйлық жасап, жаңа киімдер алып беріп, қуантқан. Дастарқан жайып, өмірден өткен туыстарын еске алған. Мереке әдетте түріктерде «Невруз байрамы» деп аталады. Қазіргі уақытта қазақ, әзірбайжан, қырғыз, түрікмен, өзбек, татар және ұйғырлар Анадолыда Наурыз мейрамын көңіл көтеру шараларымен ұластыруда.
Мерекелік шаралар арасындағы кейбір айырмашылықтарға қарамастан түрік мәдениетінде наурыз айы жаңару, ояну және гүлдену кезеңі болып саналады.
Қабыл ЕРКІМАН,
Анкарадағы Қазақстан елшілігінің өкілі





