Көктемнің шуағы мен ел көңілінің жылуы астасқан шақта Қаратал ауданы тағы бір мәрте жаңғырып, әз-Наурыздың айшықты көрінісіне айналды. Биылғы думан «Наурыз керуенімен» бастау алып, көше бойын кернеген халықтың шат көңілі мерекенің мәнін айрықша айқындады, – хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға жиналған жұртшылық орталық алаңға қарай ағылып, бір-біріне ізгі тілегін арнап, ортақ қуаныштың шуағына бөленді.
Қонаев даңғылымен өткен керуенге екі мыңға жуық адам қатысып, ұлттық болмыстың бояуын қанық көрсетті. Сән-салтанаты жарасқан шеру барысында ата дәстүрдің өрнегі жаңғырып, әуезді ән мен күмбірлеген күй көпшіліктің көңілін тербеді. Әр қадамнан елдік рух аңқып, көне ғұрып пен бүгінгі тіршіліктің сабақтастығы айқын сезілді.
Мерекелік думан орталық алаңда жалғасын тауып, «Наурыз – жыл басы» атты салтанатты шара көрерменге ерекше әсер сыйлады. Өнерпаздар сахна төрін думанға бөлеп, ұлттық нақыштағы қойылымдар арқылы жұртшылықтың ықыласын баурады. Осы тұста Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков көпшілікті ұлыс күнімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрініп, еңбектің еленуі – жұртқа жігер берген сәттердің біріне айналды.
Қазан толы 3050 литр наурыз көже келген қонақтарға тегін таратылып, ақ дастарқанның ырысы мен берекесі көпшілікке ортақ болды. Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмай, алаң көркін қыздырды. Асық ату, арқан тартыс, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру сынды бәсекелерде жастар мен ересектер білек сыбана сынға түсіп, мерекеге серпін қосты.
Осылайша, Қаратал ауданында өткен әз-Наурыз тойы тек думан құрумен шектелмей, елдің бірлігі мен ынтымағын айшықтаған тағылымды мерекеге ұласты. Көңілдерге нұр құйған бұл күн – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа үміт сыйлаған ұлыстың ұлық мейрамы екені тағы бір мәрте дәлелдеді.





