Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі ұлттық жобаны бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі энергетикалық қауіпсіздік стратегиясын айқындайды және индустрияландыру мен цифрлық экономиканың дамуы жағдайында артып келе жатқан электр қуатына деген сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. IT-сектордың өсуі, деректер орталықтарын құру және жасанды интеллектіні енгізу тұрақты базалық қуатты қажет етеді, ал мұндай жүктемені тек жаңартылатын энергия көздері толық қамтамасыз ете алмайды.
Ұлттық жоба аясында 7,8 ГВт қуат көзін енгізу және жаңарту қарастырылған. Сегіз жаңа энергия нысанын салу жоспарланған, оның ішінде Екібастұздағы 2 640 МВт, Курчатовтағы 700 МВт және Жезқазғандағы 500 МВт ірі жобалар бар. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында заманауи жылу электр орталықтары салынады. Бұдан бөлек, Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2 және Қарағанды энергия торабын қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған 11 станса жаңғыртылады. Бұл шаралар 2030 жылға қарай жабдықтардың тозу деңгейін 12,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаларды жүзеге асыру бюджеттен тыс қаражат есебінен, яғни инвестициялар тарту арқылы іске асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 7,5 трлн теңгеден асады.
Ұлттық жобада экология мәселесіне ерекше назар аударылған. Жаңа нысандар тек заманауи технологияларды қолдану арқылы салынады. Атап айтқанда, жоғары тиімді электр сүзгілері орнатылып, азот тотығын азайту жүйелері енгізіледі және газдарды күкірттен тазарту технологиялары қолданылады. Бұл шаралар халықаралық стандарттарға сәйкес зиянды қалдықтарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Жобаның әлеуметтік бағыты да маңызды. Атап айтқанда, шамамен 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Сонымен қатар «Отбасы банкімен» бірлесіп көмір электр стансалары қызметкерлеріне арналған жеңілдікті ипотека бағдарламасы іске қосылады. Бұдан бөлек, салалық жоғары оқу орындары базасында мамандардың біліктілігін арттыру жүйесі күшейтіледі.
2030 жылға қарай энергетикалық көмірге деген қосымша сұраныс жылына шамамен 20 млн тоннаны құрайды. Осыған байланысты ашық вагондар паркін кеңейту, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және отын тасымалына тарифтік дәліздер енгізу жоспарланған.
Нәтижесінде, ұлттық жобаны іске асыру Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, отандық машина жасау саласының дамуына серпін береді. Сонымен қатар қазандық агрегаттар, трансформаторлар және автоматтандыру жүйелерін өндіруді дамытуға мүмкіндік жасап, көмір генерациясын жоғары технологиялық әрі экологиялық жауапты салаға айналдыруға жол ашады.




