Ел егемендігі мемлекеттік шегарадан басталады. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды қорғау – үлкен жауапкершілік. Осыған орай ҚР ҰҚК шегара қызметі былтыр жыл бойы қырағы қызмет көрсеткен «Үздік шегаралық бақылау бөлімшесінің бастығы» иегерлерін анықтады.
Былтыр жыл бойы үздік қызмет көрсеткен Қорғас шегаралық бақылау басқармасы «Нұр жолы» шегаралық бақылау бөлімінің бастығы, подполковник Нұржан Керченов және Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасы «Ынталы» шегара бөлімшесінің бастығы, капитан Бағлан Сейітжан үздік атанды.
Нұржан Серікұлының басшылығымен нұржолдық шегара сақшылары 2024 жылдың нәтижесінде жауынгерлік қызметтің жоғары нәтижесін көрсетті. Атап айтсақ, бірнеше бөтен құжатпен шегара асқысы келгендердің жолын кесіп, жекебас кұжатын қолдан жасағандарды анықтаған. Қос азаматтықпен 300-ге жуық жолаушы жолдан қалса, бірнеше рет бағалы бұйымды жасырып өтуге талпынғандардың алтын-күмістері әшкере болды. Сонымен қатар, жалпы бағасы 333 миллион теңгеден астам тіркелмеген қомақты қаражат тәркіленіп, қырыққа жуық бақылау өткізу пунктінің режимін бұзушы мен екі жүзге жуық Қазақстан Республикасына келу тәртібін бұзғандар анықталды. Екі мыңнан аса жедел тапсырма орындалып, алпысқа жуық контрабандалық тауарлардың жолы кесілді.
Бағлан Қожахметұлы басшылығымен шегара бөлімшесінде бірнеше адам мемлекеттік шегара режимін бұзғаны үшін ұсталса, мемлекеттік шегараны күзетуге байланысты шегара нарядының талабын орындамағаны үшін бірқатар тұлға заңға қайшы іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылды. 2024 жылдың қорытындысында «Ынталы» шегара бөлімшесінің жеке құрамы жауынгерлік және кәсіби дайындық бойынша жоғары жетістікке қол жеткізген әскери ұжым.
Сонымен қатар, ҚР ҰҚК шегара қызметінің жылдық қорытындысы бойынша «Үздік әскери журналист» номинациясын ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің әскери журналисі, подполковник Манарбек Қарекенов иеленді.
Қалам мен қаруды қатар ұстаған Манарбек Айдынғалиұлы ҚР ҰҚК шегара қызметінің «Отан сақшысы – Часовой Родины» апталық газетінің және «Шекарашы» журналының Жетісу облысындағы меншікті тілшісі. Офицердің қаламымен жазылған туындылар шегарашылардың жауынгерлік қызметте қол жеткізген жетістіктеріне арналады. Оқырмандарды сақшылардың күнделікті өмірімен таныстырады.
Айдар ҚАЛИЕВ





