Абай облысының бюджетінен Алакөл көлінің жағалауын абаттандыру мен инженерлік желілерді тартуға қомақты қаражат қарастырылып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, туристік аймақта қазіргі уақытта құтқару станциясы жұмыс істеп тұр, сонымен қатар өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасуда. Биылғы демалыс маусымы басталғанға дейін қоғамдық санитарлық тораптар орнатылып, жарықтандыру жүйелері тартылады, жаңа пирс салынбақ.
Жағалауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспары бекітілді. Онда электр желілерін тарту, блокты-модульді тазарту құрылғылары мен магистральдық кәріз жүйесін салу, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңарту көзделген. Энергиямен жабдықтау мәселесіне де баса назар аударылып отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 7,9 млрд теңге болатын 110 кВ және 35 кВ кернеулі электр желілерін орнату жобасы жүзеге асырылуда. Қаражаттың 30 пайызы облыстық бюджеттен бөлінген. Оған қоса 700 млн теңгеге жуық сомаға 20 шақырым электр желісін реконструкциялау жоспарланған.
2026 жылы санитарлық тораптарды орнатуға 299,5 млн теңге бағытталды. Әрқайсысы бір миллиард теңгеге бағаланған тазарту құрылғылары мен кәріз желілерінің құрылысы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді. Туристік маусым кезінде жағалаудан қоқыс шығару жұмыстарына қосымша 73,7 млн теңге бөлу қарастырылған. Мұндай кешенді шаралар демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, Алакөлдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.





