«ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін Ашық есік күнін өткізді. Шара ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға рұқсат алған шаруа қожалықтарының басшыларына кілт табыстау рәсімінен басталды. Олардың қатарында аймақтың бірнеше шаруашылығы бар.
Кілт табыстау рәсімінен кейін «Салтанат сарайында» «дөңгелек үстел» өтті. Онда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев пен «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар мен ауыл шаруашылығы техникасын жүйелі жаңғырту жайын кеңінен талқылады.
– Облыста биыл жоспарланған қаржыландыру көлемі 15 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш көлемі екі есеге жуық артты. Қазіргі таңда жоспарланған қаржының 3,5 млрд. теңгеден астамына өтінімдер беріліп, олардың бір бөлігі мақұлданды. Жалпы, облыста филиал ашылғаннан бері өңір экономикасына шамамен 128 млрд. теңге инвестиция салынды. Оның ішінде 65 млрд. теңгеге жуық қаржы 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталды. Бұл шаруаларды қолдау мен саланы дамытуға қосылған елеулі үлес, – дейді Еркебұлан Ерланұлы.
Бағдарламаның негізгі шарттары шаруалар үшін тиімді. Себебі мұнда жылдық мөлшерлеме 5%, лизинг мерзімі 7 жыл. Оның айтуынша, бұған дейін фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін субсидия күтіп, қосымша шығындарға ұшырап, 22-24 пайыз нарықтық мөлшерлемемен сатып алуға мәжбүр болған. Ал жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері техниканы бірден алып, мемлекеттік қолдауды күтпей-ақ егіс жұмыстарына жедел кірісе алады.
«ҚазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары биыл компания желісі бойынша жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шамамен 300 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 млрд. теңгеге артық. Жалпы, соңғы 2-3 жылдағы динамиканы қарастырсақ, қаржыландыру көлемі 40 млрд. теңгеден 300 млрд. теңгеге дейін өскен.
Талдықорған қаласының тұрғыны Владимир Мельников «Агромашхолдинг KZ» АҚ шығарған «Lovol 1454» тракторын алды. Оның айтуынша, жеңілдетілген лизинг бағдарламасына құжаттарды 5-10 күн ішінде тапсырып, ешқандай қиындықсыз, бір айдың ішінде мақұлдау алған. Ол 2002 жылдан бері соя, жүгері дақылдарын өсіреді. Қазір оның иелігінде 7 трактор бар.
Каратал ауданының Кәлпе ауылынан келген Марат Қоржынбаев 20 жылдан астам уақыт егін шаруашылығымен айналысып келеді. Негізгі өсіретін дақы- лы – қант қызылшасы.
– «ҚазАгроФинанс» компаниясымен 8 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде екі трактор алдым. 8 және 4 жыл бұрын алған техниканың арқасында мол өнім алдым. Бүгінгі Ашық есік күнінде тағы бір трактор алуды көздеп келдім. Жылдық 5% мөлшерлеме біз үшін өте тиімді. Алғашқы шығындар жоғары болғанымен жаңа техника жөндеу шығындарын азайтады, жанармайды үнемдейді әрі өнімділігі жоғары. Мұндай техника шамамен 10 жыл бойы сенімді қызмет етеді, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Ашық есік күнінде шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Олар «ҚазАгроФинанс» өңірлік филиалының қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, құжаттарды рәсімдеуде көрсеткен көмектері мен ілтипатты қарым-қатынастарын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қаржыландырылды. Ал биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Осылайша, машина-трактор паркін жүйелі түрде жаңарту қолға алынбақ.
Еңлік КЕНЕБАЙ





