Футболдан ел чемпионатының кезекті 35-маусымы өз бастауын алып 3 тур өтті. «Жетісу» 3 турда 1 матч жеңіліп, екі кездесуде тең түсіп (3 гол салып, 6 гол жіберіп) 2 ұпаймен әзірге 14-орында тұр. «Жетісу» маусымның алғашқы 3-турын чемпионаттың басты фавориттерімен өткізді. Талдықорғандықтар 1-турда «Астанадан» жеңіліп, 2-турда «Тобылмен» және 3-турда «Қайратпен» тең түсті.
«Жетісудың» тізгінін қайта қолына алған Қайрат Нұрдәулетов (2024 жылғы маусымда «Жетісудың» бапкері болып, 28 ойында 6 кездесуді жеңіп, 8-ойында тең түсіп, 14 матчта жеңіліп жалпы чемпионатты 9-орында аяқтады. Командасы 21 гол салып, өз қақпасына 39 гол жіберді) былтыр жан сауғалап кеткен талдықорғандықтар Серікжан Мұжықовты (биыл капитан есебінде ойнап жатыр), «Жеңістен» Асхат Балтабеков- ты, одан өзге «Каспийден» Рафкат Асланды, «Тұраннан» Рауан Орынбасарды ойыншыларды қатарға қосты. Одан өзге клубтың жастар құрамасынан Шыңғыс Әнуарбек пен Артур Егоров негізгі командаға өтті. Маусым басында бас бапкер жақсы нәтиже үшін барын салатындығын, ойыншыларды електен өткізу барысында он қарап, жүз ойланғанын айтқан. Қайрат әр ойыншының жеке шеберлігін шыңдап, әрқайсысына мүмкіндік берілетінін ескерткен.
Өкінішке қарай, Талдықорғандағы Орталық алаңның дайын болмауына байланысты «Жетісу» футбол клубы өз ойындарын Алматыдағы «Хан Тәңірі» алаңын жалға алып, маусымды сол жақта өткізіп жатыр. Жоспар бойынша үлкен футбол сәуірде Талдықорғанға оралады.
– Біз өзіміздің жоспарымызды толық орындадық деп ойлаймын. Тек гол ғана сала алмадық. УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнаған командамен терезесі тең ойын көрсету, үлкен нәтиже деп білемін. Осы қарқынмен тоқтап қалмай, жанкүйерлерді жеңіспен қуантқымыз келеді, – дейді «Қайратпен» болған ойыннан кейін Қайрат Нұрдәулетов.
1-тур. «Астана» – «Жетісу» – 4:1 (3:0).
8 наурыз. Астана. «Астана Арена».
Голдар: Басманов 14 (1:0), Бартолец 29 (2:0), Абраев 39 (3:0), Томассов 57 (4:0), Живанович 81 (4:1).
2-тур. «Тобыл» – «Жетісу» – 2:2 (0:0).
16 наурыз. Қостанай. «Тобыл Арена».
Голдар: Милованович 58 (1:0), Жұмашев 60 (2:0), Жақыпбаев 67 (2:1), Мұжықов пенальтиден 90+8 (2:2).
3-тур. «Жетісу» – «Қайрат» – 0:0.
21 наурыз. Алматы. «Хан Тәңірі» алаңы.
«Жетісу» сапынан әзірге гол салып көзге түскен үш ойыншы – Серікжан Мұжықов, Мади Жақыпбаев және сербиялық Марко Живанович. Үш турдан кейінгі статистикаға көз жүгіртсеңіз, тәртіпсіз команданың қатарына «Жетісу» да қосылады. Дінмұхамед Қашкен, Рауан Орынбасар, Йован Пайович, Серікжан Мұжықов және Нұрбол Әнуарбеков сынды ойыншылар ескерту қағазын алып үлгерген.
Биыл Жетісу облысында футболды дамытуға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2,4 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражат оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, командалардың Премьер-лига, Екінші лига, Әйелдер лигасы чемпионаттарына, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарға қатысуына бағытталмақ. «Жетісу» футбол клубы маусым алдында Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізді, одан кейін Алматыда болды.
«Жетісу» сәуірде «Каспий» (4 сәуір), «Елім-ай» (11 сәуір), «Ертіс» (16 сәуір) және «Ұлытау» (25 сәуір) командаларымен ойнайды.
Серік ҚАНТАЙ





