Бір заманда адамның көңілі сөзбен бағаланатын. Біреудің ойы ұнаса, жылы пікір айтылатын. Қолдау керек болса, жанашыр сөз табылатын. Ал бүгінгі цифрлы дәуірде сол ықыластың орнын үнсіз белгі – лайк алмастырғандай.
Қазір біреу ойын жазады, біреу өмірінің бір сәтін суретке айналдырып бөліседі. Бірақ сол дүниенің бағасы көп жағдайда бір ғана өлшемге тіреледі: қанша лайк жиналды? Бір қарағанда бұл – ұсақ нәрсе сияқты. Алайда осы бір белгі адамның көңіліне, тіпті ойлауына әсер етіп жатқанын байқаймыз. Жазбаға лайк көп түссе, адам өзін мойындалғандай сезінеді. Ал үнсіздік болса, еріксіз күмән пайда болады. Сонда бүгінгі қоғамда адамның ойы емес, санның салмағы маңызды болып кеткен жоқ па?
Әлеуметтік желіде бәрі әдемі. Күлімдеген жүздер, жарқын сәттер, табысты өмір. Алайда сол жарқыраған суреттердің ар жағында айтылмайтын шындық жатыр. Өмір тек бақытты кадрлардан тұрмайды ғой. Оның ішінде күрес те бар, шаршау да бар, үнсіз төзім де бар. Бірақ бүгінгі әлемде адамдар сол шындықты емес, ұнауы мүмкін көріністі көрсетуге үйреніп бара жатқандай. Себебі назар лайкке тәуелді, ал лайк әсерге тәуелді.
Алайда шын өмір цифрға сыймайды ғой. Кейде ең шынайы ойлар ең аз лайк жинайды. Өйткені бұл бір сәттік әсер үшін емес, ойлану үшін жазылады. Ал ойлану – сабыр мен тереңдікті талап етеді. Лайк – саусақпен басылатын белгі ғана. Ал шынайы бағалау – жүрекпен берілетін құрмет. Сондықтан кейде өзімізге бір сұрақ қойған жөн: біз шынайы өмір сүріп жүрміз бе, әлде өзгелер ұнататын өмірдің көрінісін жасап жүрміз бе? Қалай дегенмен адамның қадірі лайкпен өлшенбейді. Ол – оның сөзімен, ісімен, адамдық болмысымен бағаланады.
С. Қасымбекқызы





