Төрт түлігін төскейге өргізген малшы қауымы үшін маңызды науқан қызу жүріп жатыр. Осыған орай, Қаратал ауданындағы мал төлдету жұмыстарымен танысып қайттық.
Қазақта «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген сөз бар. Бұл кезеңде қыс бойы жақсылап қарағанның арқасында төрт түлік қоңды болады. Қаратал ауданы әкімінің өкімімен ауыл әкімдіктері жанынан құрылған комиссия малшылардың тұрмысын, малдың қоңдылығын және жемшөппен қамтамасыз етілуін бекітілген кесте бойынша бақылауда.
Бастөбе ауылдық округінде орналасқан «Укенов» шаруа қожалығы биыл 100-ден аса бұзау алып, табысын еселеп отыр. Шаруашылық басшысы Жанат Укеновтың айтуынша, Әулиекөл тұқымды ірі қара саны бүгінде 380 басқа жеткен. Сонымен қатар, қожалықта 80 бас жылқы мен 120 қой бар.
– Былтыр Үкіметтен 3 миллион теңге субсидия алдым. Бүгінде төрт түлікті күтіп-баптауға қажетті техникаларымыз сақадай сай. Біздегі 1000 гектар жайылым жер мал азығын толық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 27 гектар суармалы жер телімі бар. Онда жемшөп дайындалады, – дейді қожалық иесі.
Шаруашылықта асыл тұқымды мал басын көбейтуге ерекше көңіл бөлініп, селекциялық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл ет сапасын, нарықтағы сұранысты арттыруға жол ашады.
А. НАЗАРҰЛЫ
Қаратал ауданы





