«Отан – отбасынан басталады» дегендей, отбасындағы татулық пен сыйластық қоғам тұрақтылығының басты негізі.
Осыған орай полиция департаментінің мұрындық болуымен облыста «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, соның ішінде кәмелетке толмағандарды қорғау.
Оған полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген жұмыс барысында 17 отбасы анықталып, оларға құқықтық, психологиялық, медициналық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналасуға жәрдем берілді.
Шара аясында 3 мыңнан астам тұрғын үй, аула және саяжай учаскелері тексеріліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған 610 адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Іс-шара қорытындысы бойынша 1000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде түнгі уақытта көшеде жүрген 121 кәмелетке толмаған, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы 9 құқықбұзушылық және балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаудың 16 дерегі тіркелді. Сонымен қатар, 83 адам профилактикалық есепке алынып, 26 адам медициналық айықтырғышқа жеткізілді, кәмелетке толмаған 2 бала уақытша бейімдеу орталығына жолданды.
Айдар ҚАЛИЕВ





