Талдықорған қаласында Отбасы күніне орай «Шаңырақ шаттығы» атты жас отбасыларды марапаттау кеші өтті. Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, өнегелі шаңырақтарды көпшілікке үлгі ету және жас отбасылардың қоғамдағы рөлін арттыру.
Кешке облыстың жас отбасылары қатысып, өзара сыйластық пен түсіністік, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, отбасылық дәстүрлерді сақтау және отбасы институтының маңызы жөнінде ой бөлісті. Қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылып, түрлі ойындар мен шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылды.
Кеш барысында қоғамдық және әлеуметтік өмірге белсенді араласып жүрген жас отбасыларға арнайы марапаттар табысталды. Жалпы, «Шаңырақ шаттығы» кешіне 50-ден астам адам қатысты.
«Берік әрі тату отбасылардың өнегесін насихаттап, жас отбасылардың қоғамдағы белсенділігін арттыру маңызды. Мұндай бастамалар отбасы институтының маңызын арттырып, өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға мүмкіндік береді», – деді «Jetisu Jastary» КММ бөлім басшысы Айдана Бауыржанқызы.
Кербұлақ ауданынан келген Ануар Сейдахметов те мұндай бастамалардың жас отбасылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазір жас отбасыларды қолдап, ажырасудың алдын алу бағытында осындай іс-шаралардың өтуі маңызды. Себебі бүгінде ажырасу жағдайлары көбейіп отыр. Жастарды қолдауға бағытталған бастамалардың ұйымдастырылып жатқанына алғыс айтамыз. Шара барысында концерттік бағдарлама мен түрлі ойындар ұйымдастырылып, отбасы құндылықтары жөнінде ой-пікірлер айтылды. Жаңадан құрылған отбасыларға айтар кеңесім – бір-бірін тыңдап, түсінуге тырысу. Бастапқыда түсініспеушіліктер болуы мүмкін, ең бастысы – қолдап, түсінісе білу», – деді Ануар Сейдахметов.
«Шаңырақ шаттығы» кеші жас отбасылардың басын қосып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға мүмкіндік берді.
Аяулым Шынгаева






