Астанада волейболдан әйелдер командалары арасында ел чемпионатының шешуші кезеңі өтіп жатыр. «Жетісу» волейбол клубы жартылай финалдағы екі ойында жеңіске жетіп, финалға шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Жетісу» плей-оффты жартылай финалдан бастап, «Тұран» командасын екі ойында (екі жеңіске дейін) қатарынан жеңді. Бірінші күні – 3:0 (25:17, 25:14, 25:8) есебімен ұтып, екінші кездесудеде 3:0 (25:16, 25:23, 25:19) нәтижесімен басым түсті. «Тұранмен» болған екінші ойында «Жетісу» сапынан байланыстырушы Дарья Шаргородская «Үздік ойыншы» болды.
– Ойын барысында босаңсып кеткен сәттеріміз болды және қарсыласымыз оны ұқты. Біз тезарада ес жиып, ойынды өз қолымызға алдық. Нәтижесінде үстемдігімізді көрсете білдік. «Тұранға» қарсы орталық тосқауыл қоюшы ойыншыға және шабуылшыларға баса назар аудардық. Ал финалдағы ойын бізге оңай соқпайтындығы анық. Біз өз кезегімізде барымызды саламыз, – дейді «Жетісудың» ойыншысы Дарья Шаргородская.
«Жетісудың» финалдағы қарсыласы – «Қуаныш» (Солтүстік Қазақстан облысы). Қызылжарлық команда жартылай финалда «Берелден» (Шығыс Қазақстан облысы) басым түсті. Финал 10-11 сәуір күні (екі жеңіске дейін), егер тең түскен жағдайда 12 сәуірде болады.





