Астанадағы «Барыс Аренада» волейболдан әйелдер командалары арасында ел чемпионатының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Былтырғы маусымның жеңімпазы «Жетісу» волейбол клубы финалдың бірінші күні (екі жеңіске дейін) «Қуаныш» командасын 3:2 (25:22, 19:25, 12:25, 25:21, 15:12) есебімен жеңді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Әрине, бүгінгі ойында сәттілік серік болып, жеңіске жеттік. Өздеріңіз көргендей 1-сетті жақсы бастағанымызбен 2-ші және 3-ші сетте допты қабылдау барысында, қорғаныста және тосқауылда көп қателік жібердік. Ес жиып, тез арада жиналып, 4-5-ші сетті өз пайдамызға шештік. Ертең болатын ойында бүгін жіберген қателіктерден қорытынды шығарып, барынша өзімізбен жұмыс істемейміз, – дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Перизат Нұрбергенова.
Финалдың бірінші күні болған ойында «Жетісу» сапынан Перизат Нұрбергенова «Үздік ойыншы» болды.
«Жетісу» волейбол клубының аналитик маманы Руслан Кенжебаевтың жасаған статистикасы бойынша талдықорғандықтар сапынан Мяо Йвэн (25 ұпай – 1 эйс, 22 шабуыл, 2 тосқауыл) нәтижелі ойыншы болды. Одан кейінгі көрсеткіші жақсы волейболшылар – Мария Фролова (14 ұпай – 1 эйс, 12 шабуыл, 1 тоқсауыл) мен Татьяна Никитина (10 ұпай – 10 шабуыл). Ал «Қуаныш» командасынан Альфонсо Анет 27 ұпай (1 эйс, 25 шабуыл, 1 тосқауыл) жинады.
Статистикаға көз жүгіртсек.
«Жетісу»:
Шабуыл – 41 пайыз.
Эйс – 8.
Тосқауыл – 14.
«Қуаныш»:
Шабуыл – 45 пайыз.
Эйс – 8.
Тосқауыл – 8.
«Жетісу» ертең «Қуанышпен» финалдың екінші ойынын өткізеді.





