Талдықорған: +15°C
$ 473.13
€ 554.08
₽ 6.13
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Экомәдениетіміз қай деңгейде?

11.04.2026
КҮНДЕРЕК
Экомәдениетіміз қай деңгейде?

ЖИ

WhatsAppTelegramFacebook

Экология. Осы сөзден-ақ көтергелі отырған тақырыбымыздың бүкіл әлемді алаңдатып тұрғанын аңғарасыз. Бірнеше жылдан бері ғалымдар мен экобелсенділер «жерді сақтау керек» деп дабыл қақса, қазір «судың да сұрауы барын», шашылған қоқыстан ауа ластанып, түрлі ауру тарап жатқанын жиі еске салуда. Дәл бүгінгі таңда, әлемді айтпағанда, еліміздің де экологиялық жағдайы мәз емес. Қоғам бұл мәселеге қаншалықты алаңдайды? Экологиялық ахуал қай деңгейде? Экологиялық тұрғыдан сауаттымыз ба? Олай болса осы сұрақтардың жауабын бірге іздейік.

Экомәдениет, экотәрбие, экобілім, экоәдет. Осы ұғымдардың астарына қаншалықты үңіліп жүргенімізді күнделікті іс-әрекеттерден байқауға болады. Мәселен, көлікте кетіп бара жатып терезеден темекінің тұқылын лақтырып, бос сусынның бөтелкесін шағып, тастап кететіндер қоғамда аз емес. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тазалықшылар тазалап жатса да олардың еңбегін бағалауға мәдениетіміз де, өреміз де жетпей жатқаны қынжылтады. Әсіресе, қоқыс жәшігінің айналасында таудай болып үйіліп жатқан қалдықты көргенде мәдениет туралы жақ ашуға ұяласың.

Бізде органикалық қалдықтар үнемі проблема тудырады. Қазір байқасаңыз, қоқыс тастайтын арнайы жәшік көптеп орнатылуда. Бірақ бұл әрбір өңірде бар деп айтуға толық негіз жоқ. Десе де түрлі тұрмыстық қалдықты бөліп тастау үшін жәшік сыртында жазу да, сурет те бейнеленген. Алайда «көрмес түйені де көрместің» ісін істей ме, әлде шынымен қоқысты сұрыптауға халық дайын емес пе? Осыған қарап әлі де экомәдениетті үйренуге біршама уақыт керек-ау дейсің.

Жер жаннаты Жетісудың тұмса табиғатына қиянат жасамауда жергілікті әкімдік тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Диас Досмұхановпен тілдескенімізде көз жеткіздік. Ол, әсіресе, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келетінін айтты.

– Жыл сайын аймақта шамамен 220 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 182 уақытша сақтау орны мен 7 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар тұрғындардан шыққан қалдықтарды қабылдап, белгілі бір талаптарға сәйкес орналастыруға мүмкіндік береді. Қоқысты жинау және тасымалдау қызметтерін 24 мамандандырылған ұйым жүзеге асырады. Елді мекендердегі көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің аулаларында бүгінгі күні 15 мыңнан астам қоқыс контейнерлері орнатылған. Биыл аудан және қала әкімдіктерінің жоспарына сәйкес қосымша 500 жаңа контейнер орнатылады. Облыс аумағындағы қоқыс полигонының барлығы экологиялық талаптарға сай. Енді қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу үлесін арттыру және заманауи экологиялық технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Диас Сержанұлы.

Тұрғындар қоқыс-қалдықты сұрыптап салуға әлі де дағдылана қоймағанын алға тартқан маманның айтуынша, облыста қайта өңделетін материалдарды жинау және сұрыптау ісімен жалпы қуаттылығы жылына 68,8 мың тоннаны құрайтын кәсіпорын айналысады. Бірі Панфилов ауданында болса, бесеуі Талдықорған қаласында. Бұл кәсіпорындар пластик, қағаз, әйнек секілді қалдықтарды қабылдап, оларды қайта өңдеуге немесе әрі қарай кәдеге жаратады. Сондықтан өз үйіңізден шыққан қоқыс өмір сүріп жатқан айналаңызды ластамасын десеңіз жарамсыз қалдықты сұрыптап, көрсетілген қоқыс жәшігіне тастауды әдетке айналдырыңыз. Және бұл тірлікті әр адам өзінен бастап, балаларына да үйреткені абзал.

Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту бағытында облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп, 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешу жөніндегі Жол картасын бекіткен екен. Аталған Жол картасы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау және оларды талапқа сай деңгейге жеткізу, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын кеңейту, кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту секілді ауқымды шараларды жүзеге асырады. Қысқасы, Жол картасы барлық экологиялық мәселенің алдын алады. Дегенмен бұл жұмыс дәл осы ретпен іске асса нұр үстіне нұр болар еді.

Бала экомәдениет жайлы мектеп жасына дейін үйренуі тиіс. Бұл талай бүлдіршінге тәрбие беріп жүрген білімді де білікті тәрбиеші Майра Әмірханқызының ұстанымы.

– Бала қоршаған ортаны танып, алғашқы көзкарас калыптастыра бастаған сәттен табиғатқа жанашыр болуды үйрету керек. Бұл жерде сөз емес, іс маңызды рөл атқарады. Мәселен, анасы қоқысты жерге тастай салып «табиғатты ластама» деп отырса, бұл істен оң нәтиже күтудің қажеті шамалы. Сол үшін де ең бірінші экомәдениет отбасынан басталса деймін. Сонда ғана сауатты, мәдениетті, жауапты азаматтарды тәрбиелейміз, – дейді маман.

Расымен де тәрбиенің бастауы – отбасы. Егер бала шаңырақта «БОЛМАЙДЫ» деген сөзді үйренсе, онда экологтар да «ӘЛЕМ ҚОҚЫСТЫҢ ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛДЫ» деп дабыл қақпас еді.

Лаура МӘЛІКОВА, «Тәжірибелі экологтар» қауымдастығының төрайымы:
– Экологиялық мәдениет, қалдықтарды сұрыптауға келгенде шенеуніктер өз міндеттерін орындамай жатып бар кінәні қоғамға, жеке тұлғаға артып қояды. Дамыған Еуроодақтың экомәдениет мемлекет саясаттың нәтижесінде қалыптасқан құбылыс. Ол өзімен-өзі абстрактылы түрде қалыптаспайды. Әкімдік қалдықтарды сұрыптау контейнерін дұрыс орнатпаса, жұмысын қадағаламаса, қалаларда бұрын болған қалдықтарды ақшаға алатын пункттер қайта ашылмаса, халықтан тазалықты қалай талап етеді? Табиғи орындардағы қызметкерлер «Халықтың экомәдениеті төмен» деп жатады. Бірақ ол жерде арнайы қоқыс тастайтын жәшік те болмай қалады. Табиғи орындардағы талаптың қатаң сақталуы әкімдіктің міндеті. Сондықтан «Таза Қазақстан» бір реттік акция емес, жүйелі шара болғаны жөн. Мемлекеттік органдарда бір реттік қаптама қалдықтарды қолдануға тыйым салу керек. Суды графинмен шыны ыдысқа құйып беруді қолға алатын уақыт жетті. Қоғамдық орындарда, әсіресе, туристер көп жүретін жерлерде ішетін суды толтырып алатын фильтр қойсақ, жақсы нәтиже берер еді. Мәселен, АҚШ елдерінде қонақүйде біз секілді бір реттік пластик құтымен су бермейді. Ғимараттың әр қабатында фильтр су қойылған. Қонақтар өз құтыларына су толтырып алады. Бұл жүйелі шешілген жұмыстың нәтижесі. Лозунг, халықты кіналаумен біздегі мәселенің түйіні тарқамайды. Мұны шешу үшін ең бірінші кадрлық саясатты жөнге қою керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігінде қызмет етіп жүрген маманның басым бөлігінде экология саласында квалификация, тәжірибесі жоқ. Олардың мақсаты – экологиялық мәселелерді жүйелі шешу емес, ластаушыларға кінә арту. Алдағы құрылатын құрылтайда кем дегенде 10 кәсіби экологтың болуын назарға алғанымыз жөн. Қазіргі отырған 98 депутаттың ішінде бір де бір эколог маман жоқ. Олар экологияның негізгі принципін де түсінбейді. Соның салдарынан шығарылатын Заңда шикілік көп. Өкінішті-ақ.

2018 жылы эсперттік үкіметтік емес ұйымы ретінде құрылған «Тәжірибешіл экологтар» қауымдастығының төрайымы, еліміздегі экологиялық жағдайлардың алдын алуға білімі мен біліктілігін арнап жүрген Лаура Мәліковамен тілдесіп, елдегі бірнеше экологиялық мәселеге ден қойдық. Қауымдастық Астанадан бастап еліміздің Орталық, Шығыс, Солтүстік өңірінде ауа сапасын жақсартуға бағытталған ақпараттық ағарту жұмыстарын жүргізіп, шенеуніктерге тегін кеңес берген. Орталық Азия деңгейінде ауа сапасын жақсарту мақсатында үш жылдық жоба жүргізіп, кейін елдегі су, топырақ сапасын жақсартуға қатысты тың жобаларды жүзеге асырған. Енді жүйелі түрде өзгерістердің қабылдануын талап етіп, еліміздің таза Қазақ-станға айналуына зор үлес қосуда. Онға жуық жоғары оқу орындарымен меморандум жасап, «Жас эколог» бағдарламасы арқылы болашақ эколог мамандарды тағылымдамадан өткізіп, жұмысқа орналасуына мұрындық болған қауымдастықтың көтерген жүгі ауыр.

– Еліміздегі ауа сапасының нашарлығы бізді алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Алматы қаласында көмір жағу мерзімі басталған тұста ауа бірден ластанады. Сондықтан газдандыру саясатын ары қарай жалғастырған жөн. Елдегі газ өңдеу қуатын арттыру үшін Қашағандағы газ өңдеу зауытын мемлекет қаражаты есебінен немесе инвестор қаражатынан болса да іске қосуымыз керек. Осы тұста Ресейге тәуелді болмауымыз керек. Алдағы уақытта салынып жатқан 8 көмір жағатын жылыту қазандықтарын газға көшірмесек болмайды. Себебі көмір ең лас энергия көзі. Көмірдің халық денсаулығына кері әсері көп. Сау адамдарды емдеудің салдарымен емес, істің себебімен күрескен дұрыс. Баламалы энергия көздердің санын арттыру жұмысы кезек күттірмей орындалуы тиіс. Содан кейінгі мәселе – су тапшылығы. 2040 жылға қарай Орталық Азия су тапшылығына ұшырайтын қызыл аймақта тұр. Сондықтан мұндай мәселелердің алдын алу үшін жүйелі, нәтижелі жұмыс керек, – дейді эколог.

Елімізде коммуналдық қалдықтарды өңдеу деңгейі төмен екені айтпасақ та түсінікті. Лаура Мәлікова жергілікті әкімдіктегі мамандар өз жұмысын толық білмегендіктен министрліктерге жалған ақпарат беретінін алға тартты. «Министрлік тарапынан методикалық тұрғыда ақпараттық ағарту түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі керек. Экология министрлігінде экологтар жұмыс істемейтінін осыдан аңғаруға болады. Көпшілігі басқа сала мамандары. Кадрлық мәселе шешілсе, мұндай кемшіліктер орын алмайтын еді. Меніңше, мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алу критерийлерін де қайта қарастыру керек. ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі бұрын 9 Заң бойынша тапсыратын тестті қазір 4 Заңға қысқартқаны дұрыс емес. Шыны керек, қазір көп мемлекеттік қызметкер экологияны айтпағанда Конституциялық құрылымының негіздерін білмейді. Мәжілісте өзгерістер мен толықтыруларды талқылағанда қарапайым дүниелерді білмей, сауатсыздықтарын көрсетеді. Бұл – мемлекетке жасалған қиянат. Ал аймақтардағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағы мамандар Экологиялық кодекстің талаптарын білмейді. Бұл масқара жағдай», – деген ойын ашық білдірді.

Мемлекеттік деңгейде осындай олқылықтардың орны толмай, «аспандағы айды аламыз» деу тым ерте сияқты. Бұл пікірімізбен келісетіндер де бар. Мәселен, «Мейірімді Жетісу» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы еріктілердің жұмысын үйлестіріп, түрлі бағыттағы жобаларды іске асыруға белсенді атсалысып жүрген жастың бірі. Оның айтуынша, «ҚОРШАҒАН ОРТА ТАЗАРМАЙ, ТАЗА ЕЛ, МЫҚТЫ ҚОҒАМ ҚҰРЫЛМАЙДЫ». Экобелсенді қаламыздағы экологиялық мәдениеттің қалыптаспауына бірнеше негізгі себеп әсер етіп жатқандығын тілге тиек етті. «Экология мәселесіне қатысты тұрақты білім мен ақпарат әлі де жеткіліксіз. Көп адам қоршаған ортаны қорғаудың маңызын теория жүзінде түсінгенімен оны күнделікті өмірде қолданбайды. Қоқысты бөлек жинау жүйесінің толық дамымауы, қайта өңдеу пункттерінің аздығы, ыңғайлы жағдайдың болмауы адамдардың экологиялық әдет қалыптастыруына кедергі келтіреді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де тұрғындардың жауапсыздығының салдарынан осындай мәселе туындап отырғаны ащы да болса шындық. «Бір адамның әрекеті ештеңені өзгертпейді» деген ойда жүретіндер де бар арамызда. Ал шын мәнінде, экологиялық мәдениет әр адамның жеке әрекетінен басталады. Экология тек біркүндік сенбілікпен шектелмей, өмір салтына айналуы тиіс», – дейді Шырай Саматқызы.

Ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы жыл сайын жалғасып келеді. Десек те әлі таза елге айнала алмай келеміз. Бұл – қоғамның жауапкершілігінде. Бірақ бұл акцияға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін атсалысып жүргендігі қуантады. Мақсат – ел мүддесі жолында қоршаған ортаны тазарту. Ал ел болашағы үшін атқарылған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ең бастысы – тазалық бар жерде береке барын ұмытпасақ болғаны.

Еңлік Кенебай

Қатысты жаңалықтар

Әдебиет – ардың ісі

Әдебиет – ардың ісі

11.04.2026
Екі ел Президенттері Бұхарадағы қасиетті мекенге зиярат етті

Екі ел Президенттері Бұхарадағы қасиетті мекенге зиярат етті

11.04.2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

11.04.2026
Экомәдениетіміз қай деңгейде?

Экомәдениетіміз қай деңгейде?

11.04.2026
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентін «Артемида-2» миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентін «Артемида-2» миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтады

11.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.