Қазақстандық файтер Арман Әшімов бастапқыда АҚШ-тағы «Bare Knuckle» жалаң қолмен төбелесу лигасында өнер көрсетіп, содан кейін ғана танымал «UFC» ұйымына ауысуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Маусым немесе шілде айында Америкаға баруды көздеп отырмыз. Одан ары көре жатармыз. Бірден «UFC» жұдырықтасқым келмейді. Алдымен Конор Макгрегордың ұйымы – «Bare Knuckle FC»-де бағымды сынағым келеді. ММА емес, жалаң қолмен төбелесу. Мен ММА бойынша да жекпе-жекке шығамын, бірақ жалаң қолмен төбелесу маған көбірек адреналин сыйлайды. «UFC»-ге өту үшін міндетті түрде «Contender Series» арқылы өту шарт емес. Ол жаққа тікелей келісімшартқа отыруға да болады. Менде бұл үшін төрт жылдық стратегия бар, – деді Арман Әшімов «Namys Fighting» ютуб-арнасына берген сұхбатында.
Арман Әшімов екі жылдық үзілістен кейін жақында Алматыда болған «IBA Nomad 14» турниріне қатысып, тәжікстандық Дилшод Норкузиевті бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Серік ҚАНТАЙ





