Студент кезіміз. Мұхтар Шахановтың кеңсесіне бардық. Сонда істейтін апай бізді көмекке шақырған. Жұмысымыз – ескі газет-журналдарды кабинеттен кабинетке көшіру. Шахановты көріп қаламыз-ау деген қызығушылықпен жүріп-ақ жұмысты қиналмай істедік (қиналатын да жұмыс емес еді). Бір кезде түскі асқа шақырды бәрімізді. Кең кабинет. Төрде Мұхтар Шаханов отыр. Жанында әнші Жұбаныш Жексен, бізге онша мән бермей, көбіне екеуара әңгіме айтып отырды. Шәй ішіп отыр едік. Кенет… Мұхтар аға кесесін төмен жақта шәй құйып жүрген қызға қарай әуелете лақтырғаны. Арасы әжептәуір алыстау. Кесемен бірге көзіміз де солай қарай ұшты. Ана қыз қағып алды. Келесіде де солай қайталанды. Мұхтар аға босаған кесені лақтырады, қыз қағып алады. Екеуі де соған әбден үйренгені көрініп тұр. Талантты адамдардың сондай да бір қызық әдеттері болады екен ғой деп таңдай қағып отырдық.
Бүгін сол Мұхтар ағамыздың кесесі сынған екен. Алла алдынан жарылқасын! Поэзияда бар жазғаны бір том болса керек, соның өзі – қазақ әдебиетінің үлкен олжасы. Оның оқыла берері сөзсіз.





