Туризм және спорт министрі 2026 жылдың 20 сәуірінде құмар ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің және ставкалар қабылдау орындарының стандартты қызмет ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Жаңартылған талаптар 2026 жылдың 17 мамырынан бастап күшіне енді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрлік бекіткен құжатқа сәйкес, енді құмар ойын операторлары заңнама бойынша ойынға қатысуына тыйым салынған азаматтарға қызмет көрсетуден бас тартуға міндетті. Бұл талап казиноларға, ойын автоматтары залдарына, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен ставкалар қабылдау орындарына бірдей қолданылады. Яғни, операторлар клиенттің мәртебесін алдын ала тексеріп, заңмен шектелген тұлғаларды ойын процесіне жібермеуі тиіс.
Жаңа ережелер туристік аймақтардағы құмар ойын қызметіне қатысты қосымша шектеулерді қарастырады. Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы, Панфилов ауданы, Жетісу облысындағы Алакөл көлі маңы, Алматы облысының Талғар ауданы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл мен Зайсан аудандарында орналасқан құмар ойын мекемелеріне тек шетел азаматтарына кіруге рұқсат етіледі.
Бұл талап аталған өңірлердегі ойын бизнесінің ішкі нарыққа әсерін шектеу және туристік бағыттағы нысандарды халықаралық келушілерге бейімдеу мақсатында енгізіліп отыр. Сол сияқты осы аумақтардағы букмекерлік кеңселер мен ставкалар қабылдау кассаларына да дәл осындай шектеу қолданылады.
Жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін құмар ойын индустриясының барлық қатысушылары заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті болады. Реттеуші орган бұл өзгерістерді ойын қызметін бақылауды күшейту және оның қолжетімділігін заң шеңберінде реттеу шараларының бір бөлігі ретінде қарастырады.





