Мемлекет басшысы биліктің әр тармағына халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруды міндеттеген-ді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауда Жетісу өңірінде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Мәселен, Талдықорған қаласын тұрғындарға қолайлы ету, өмір сапасын жақсарту бағытында іргелі жұмыстар жүргізілуде. Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, өз бағасын берді. Кей мердігерге сын-ескертпе де жасады.
Аймақ басшысы әуелі Жастар саябағына табан тіреді. Мұнда автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджет қазанынан 508 млн. теңге қаралған. Жобаны жүзеге асыруды «Темірқазық-стройпроект» серіктестігі мойнына алған. Мердігер 13 гектар аумаққа 21,5 шақырым суару желісін орнатуы тиіс. Қазірдің өзінде компания 15,7 шақырымын орнатып қойған. Одан өзге саябақ аумағына 200 куб су құйылатын 2 қойма салынады. Қазір жұмысшылар желі тартумен қатар қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев компания өкілдеріне жүктелген міндетті, яғни, құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Мұнан соң Бейбіт Өксікбайұлы 500 орынды емхананың құрылысымен танысты. Бұрын әкімшілік нысан ретінде іргесі қаланып, кейін емхана құрылысына бағытталған ғимарат тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір құрылыс басында 150-ден аса жұмысшы тер төгуде. Мердігер мекеме «AK Construction Company» серіктестігінің өкілдері құрылыспен қатар жуық арада көркейту-көгалдандыру жұмыстары басталатынын алға тартты. Жоба жетекшісі Мейрам Демеуовтің сөзіне сенсек, емхана құрылысы 62 пайызға орындалған. Ал медициналық жабдықтарды алуға келісім жасалған. Аймақ басшысы құрылыс барысына оң баға беріп, жобаны жүзеге асырушыларға сапаға мән беруді міндеттеді.
Талдықорған қаласында баспана салу да қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, 8 мөлтек ауданында 5, 7, 9 қабатты тұрғын үйлер салынуда. «ПРОМКОМПЛЕКТ-Б» ЖШС бұл аумақта 98 және 72 пәтерлі 2 көпқабатты үй салуда. Құрылыс барысын бағдарлай барған облыс әкімі мердігер компания өкілдеріне ескерту де жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға толық жағдай жасауды тапсырды. Себебі, үйдің кіреберісі мен бірінші қабатына пандус орнатылғанымен сыртқы есіктің табалдырығы еденнен едәуір биік орналасқан. Құрылыс учаскесінің бригадирі Руслан Әуезеллаев кемшіліктер қалыпқа келтірілетінін жеткізді.
– Қазір мұнда 30 құрылысшы еңбектенуде. Көпқабатты үйдің ішінде тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көркейту, көгалдандыруды қатар атқарудамыз. Облыс әкімі көрсеткен кемшіліктер қалпына келтіріледі, – деді учаске бригадирі.
Бұдан соң аймақ басшысы «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқу корпусының құрылысымен танысты. 300 орынды 3 қабатты нысанды «СЕМ-Шоғы Құрылыс Сервис» серіктестігі салуда. Жоба 9 айда, яғни тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс. Мердігер компанияның өкілі Жүсіпқали Машарипов межелі уақыттан кешікпейтінін жеткізді. Қазір құрылыс жұмыстары 55 пайызға жеткен.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында Талдықорған іргесіндегі Ынтымақ елді мекенінде ауқымды құрылыс жүргізілуде. Мұнда көпқабатты 5 үй салынуда. «АС Құрылыс» серіктестігі мердігер ретінде танылған. Былтыр қыркүйек айында іргетасы қалана бастаған үйлер осы жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілуі тиіс. Сол уақытта 200 пәтер иесіне табысталады. Құрылыс басында 130-ға жуық жұмысшы еңбектенуде. Бейбіт Өксікбайұлы мердігер компания өкілдеріне құрылысшыларды көбейтуді тапсырды. Себебі, серіктестік қарқынды жұмыс жүргізбесе, құрылыс мерзімінен кешігеді. Ал бұл сенімге селкеу түсіреді.
Дастанбек САДЫҚ





