Талдықорғандағы Салтанат сарайында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларға арналған «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Бейбіт ИсабаевВ, «AMANAT» партиясының өкілдері, депутаттар, тұрғын үй қатынастары саласының мамандары, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты.
Жиын барысында сөз алған Бейбіт Исабаев халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, жаңа жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Қабылданған шаралардың арқасында қысқа мерзім ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді: халықтың басым бөлігі ауызсумен қамтылды, газдандыру деңгейі артты, инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылды, тұрғын үй құрылысы жанданды. Сонымен қатар, абаттандыру, цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылып, жалпы халық үшін қолайлы орта қалыптастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, ал «TURGYNDAR AMANATY» жобасы оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде сөз алған «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каримова «TURGYNDAR AMANATY» жобасының міндеттерін кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, жоба аясында бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары үшін оқыту семинарларын өткізу, әкімдіктермен меморандумдар жасасу, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстарын жүргізу, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру, үздік аулаға арналған конкурстар ұйымдастыру, басқа да шаралар қамтылған.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек:
– Қаладағы тұрғын үйлердің көбінің қасбеті, кіреберісі, коммуналдық жүйесі, шатыры, ойын алаңдары тозған немесе сапасыз салынған. Ал оны жөндеу жұмыстары жүйелі бір жолға қойылмаған. «AMANAT» партиясына түсетін шағымдардың басым көбі дәл осы тұрғын үй мәселесіне қатысты. Осыған орай жаңа жоба әзірленді, – деп жобаның ерекшелігі мен тиімділігін баяндады.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және абаттандыру бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Жалпы облыста 1715 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 1032-сі кондоминиум нысандарына жатады.
– 2023-2025 жылдары көпқабатты 284 тұрғын үй жаңартылды, оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеттері жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 148 үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда, бұл оң динамиканы сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, соңғы үш жылда 289 аула абаттандырылып, 233 балалар және спорт алаңдары салынды. Биыл тағы 25 ауланы және 17 балалар мен спорт алаңын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мәселен, аталған кезеңде өңірде 10 833 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Биыл тағы 3 мыңнан астам отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр, – деген Ә. Қанағатов қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға, оның ішінде бейнебақылау камераларын орнату, лифтілерді ауыстыру, газдандыру және апатты үйлер мәселесін шешу шараларына кеңінен тоқталды.
Кездесу соңында қатысушыларға Алғыс хаттар табысталып, партия қатарына қабылдау рәсімі өтті.
Айдар ҚАЛИЕВ





