Ескелді ауданында тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – жуырда бірнеше ауылда әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа үйлердің пайдалануға берілуі.
Бұл тек құрылыс нысандарының іске қосылуы ғана емес, ондаған отбасының тағдырын өзгерткен маңызды әлеуметтік қадам. Мәселен, Шымыр ауылындағы Екінші көшеде 10 жаңа тұрғын үй бой көтерді. Құрылысты «Kazstroy building» ЖШС жүзеге асырған. Әр үйдің жалпы алаңы 66,1 шаршы метрді құраса, тұрғын бөлігі 45 шаршы метр. Бір баспананың құны 20 миллион теңгеден асса, барлық үйге жұмсалған қаржы көлемі 200 миллион теңгеден жоғары. Бұдан бөлек, Алдаберген ауылында бір, Қаратал ауылында екі тұрғын үй тапсырылды. Бұл нысандарды «Smart Stroy Group 2050» компаниясы салған. Жаңа үйлердің әрқайсысы заманауи талаптарға сай, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Ең бастысы – бұл үйлер нақты мұқтаж жандарға берілді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар баспаналы болды.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету – қоғам алдындағы маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Ескелді ауданында атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл бастама тек бүгінгі күннің емес, болашақтың да қамы. Себебі, тұрақты баспанасы бар отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарып, балалардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік артады. Ал бұл өз кезегінде қоғамның дамуына оң әсер етеді.
Ескелді ауданында тұрғын үй құ-рылысы алдағы уақытта да жалғасады. Бұл – баспана кезегінде тұрған азаматтардың үмітін ақтайтын игі қадамдардың бірі болмақ.
Еламан АБАЙ,
Ескелді ауданы әкімінің
баспасөз хатшысы





