Қазіргі кезде Талдықорған қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Ерлан Ниетбаевтың айтуынша, биыл қала көшелерінде кең ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес 70 шақырымнан аса жолға асфальт төселіп, барлығы 118 көше жаңарады. Қазіргі кезде қала орталығындағы Абай, Абылай хан, Ескелді би, Шевченко, Желтоқсан, Ақын Сара, Біржан сал көшелері мен Н. Назарбаев даңғылы бағыттарында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған көшелердің жалпы ұзындығы 30,2 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстарына барлығы 200-ден аса техника тартылған.
Жол жұмыстарын жүргізуге 15-тен аса мердігер ұйым қызмет көрсетуде. Солардың бірі – Н. Назарбаев даңғылы бағыттары бойынша жұмыс жүргізіп жатқан «Ақтоған» мердігер мекемесінің жұмысшылары жол сапасының басты назарда екенін алға тартты. Жөндеу кезінде жол белгілері жаңартылып, сапалы люктер орнатылады. Жол таңбалары термопластик арқылы салынады. Бұл белгілердің көрінуін айтарлықтай жақсартады.
Осы жылы «Жастар-1» тұрғын үй алабындағы 53 көшенің, сондай-ақ, «Құлагер» мен «Бірлік» шағынаудандарындағы 5 көшенің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, Көктал алабындағы 36 көше мен 3-ші бөлімшедегі 20 көшеде жұмыстар аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Сонымен бірге Абылай хан – Тынышбаев көшелері қиылысына жаңа бағдаршам орнатылады. Қала бойынша 300 жаңа жол белгісі қойылып, 100-і ауыстырылады, 694 жаңа люк орнатылады. Барлық жөндеу жұмыстарына бюджеттен 10 млрд. теңге қаражат бөлінді. Осылайша жаңартылған жолдар қала инфрақұрылымын жақсартып, көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар қала көркін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, облыстың автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында соңғы 4 жыл аралығында бюджеттен 167,7 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның 96,1 млрд. теңгесі облыстық жолдарға, қалғаны елді мекен көшелерін жөндеуге жұмсалды.
Бөлінген қаржы есебінен соңғы 4 жыл ішінде 1 610,6 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөнделді. Соның 660,4 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар және 148 елді мекеннің 950,2 шақырым ішкі жолдары ретке келді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





