Жақында «Жаркент-Арасан» санаторийінде жаңа салынған емдеу ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Шипажайдағы медициналық емшара қолдану қызметі кешенінің сыйымдылығы тағы 3300 шаршы метрге кеңіді. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Амангелді Төлемісов, Закиржан Кузиев, басқа да қоғам белсенділері шақырылды. Лента қию рәсімінен соң қонақтарға ғимараттағы медициналық көмек көрсету бағытындағы инфрақұрылым таныстырылды.
Пайдалануға берілген жаңа нысанда уақыт талабына сай 50 орын қарастырылған. Бүгінге дейін санаторийде 250 маман демалушыларға қызмет көрсетті. Енді олардың қатары 50 жаңа еңбек орнымен толықты. Шипажайда қазір бір мезгілде 400 адамның демалып, медициналық ем алуына мүмкіндік бар.
Бұл жоба кәсіпкер Серік Мұқашұлы мен оның жары Гүлнар Қазбекқызының қолдауымен жүзеге асуда. Жаңа орталықтың пайдалануға берілуі демалып, емделуге келгендердің кез келген уақытта жолдама алуға қолжетімділігін арттырды. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, 20-дан аса медициналық емшара ұсынады.
Мырзағали Манапұлы
Панфилов ауданы





