Мамыр айының ортасы қазақстандық спортшылар үшін халықаралық және республикалық деңгейдегі маңызды бәсекелерге толы болмақ. Осы аптада отандастарымыз әлемдік додалар мен Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аптаның ең елеулі оқиғаларының бірі – 13-15 мамыр аралығында Түркістан қаласында өтетін теңге ілуден II Әлем чемпионаты. Көне шаһар төріндегі дүбірлі додаға 10 елден 50-ден астам таңдаулы спортшы қатысып, бақ сынайды. Сонымен қатар, 13-16 мамыр күндері Қытайдың Сяси қаласында ескек есу слаломынан Азия чемпионаты жалауын көтереді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапынан 3 спортшы су айдынына шығады.
Қарағанды қаласы 14-15 мамыр күндері қазақ күресінен «Сарыарқа батырлары» Азия кубогін қабылдайды. Ауқымды турнирге еліміздің барлық өңірлері мен мегаполистерінен 300-ден астам балуан жиналмақ. Дәл осы күндері Бішкек қаласында ат спортынан (кедергілерді еңсеру) Әлем кубогінің кезеңі өтеді. Қырғыз еліндегі жарыста ел намысын 7 шабандоз қорғайды. Сондай-ақ, Польшаның Бельско-Бяла қаласында 14-20 мамыр аралығында дзюдодан кадеттер арасындағы халықаралық турнир ұйымдастырылып, онда 5 отандасымыз татамиге шығады.
Апта соңында Шанхайда семсерлесуден ерлер мен әйелдер арасындағы «Гран-при» турнирі басталады. 15-17 мамыр күндері өтетін бұл сынға 3 спортшымыз қатысады. Жеңіл атлетика жанкүйерлері 16-17 мамыр күндері Ташкентте өтетін Central Asian U18 Open Championships турнирін тамашалай алады. Мұнда 12 жас атлетіміз сынға түседі. Сонымен қатар, Шолпан-Ата қаласында 16-21 мамыр аралығында желкенді спорттан тұңғыш рет 1 ASAF Central Asian Sailing Championship 2026 жарысы өтіп, оған 4 спортшымыз қатыспақ.





