Тәжікстанда өткен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік конференциясының 35-сессиясы аясында маңызды кездесу өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ФАО Бас директоры Цюй Дунъюймен келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесуде Айдарбек Сапаров ұйыммен арадағы байланыстың жоғары деңгейін атап өтті:
«Еліміз ФАО-ны өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біздің сарапшы топтарымыз арасында қалыптасқан сенім мен өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалаймыз. Дәл осы үйлесімді жұмыс бірқатар маңызды құжаттар мен бастамаларды әзірлеудің соңғы кезеңіне шығуға мүмкіндік берді».
Сондай-ақ министр Астанадағы ФАО-ның Байланыс және әріптестік бюросының қызметіне жоғары баға берді.
Қазіргі уақытта ұйыммен бірлесіп жалпы құны 9,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 10 негізгі жоба жүзеге асырылуда. Басым бағыттардың қатарында сүтті мал шаруашылығын дамыту, мал ауруларының алдын алу, селекция және тұқым шаруашылығын ілгерілету шаралары бар. Ақмола, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында деректер жинау жұмыстары аяқталып, 2026-2029 жылдарға жоспарланған топырақтағы органикалық көміртекті мониторингтеудің ұлттық жүйесін әзірлеу жобасы іске қосылу алдында тұр.
ФАО Бас директоры Цюй Дунъюй:
«Өткен жылы Қазақстанға барып, ел басшылығымен кездесу барысында өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқыладым. Бүгінде қол жеткізілген келісімдерді іске асыруда нақты ілгерілеуді көріп отырмыз. Аграрлық азық-түлік жүйелерін тұрақты дамыту бойынша өңірлік көшбасшылығы мен белсенді ынтымақтастығы үшін Қазақстанға алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне ФАО қызметі мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Осы ретте ФАО штаб-пәтерінде қазақ бөлмесінің ашылуын да ерекше атап өткім келеді. Бұл — Қазақстан мен ұйым арасындағы әріптестік пен достықтың нығаюының маңызды көрінісі», – деп Қазақстанның аграрлық жүйелерді тұрақты дамыту бойынша белсенділігіне алғысын білдірді.





