Еліміздегі ең титулды ойыншылардың бірі (8 дүркін Қазақстан чемпионы), кейінгі маусымда «Жетісу» волейбол клубының капитаны есебінде ойнап, Бразилияда өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан суперкубогында жеңіске жетіп, Ұлттық лигадағы нәтижелі ойыншылардың бірі болған Кристина Аниконовамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аяғыңыздағы жарақатқа байланысты кейінгі ойындарға қатыса алмадыңыз. Қазір қалай? Ал жалпы маусымды қорытындыласақ.
– Маусым қызық және қиындықтарға толы болды. Бір сәтте барлығы біз ойлағандай болса, кей тұста қиындықтарға жолықтық. Бірақ, сол қиындықтардан сабақ алып, алдыға ұмтылып, нәтижені одан сайын жақсарту үшін барымызды салдық. Ал мен үшін маусымның соңғы жағы қиын болды. Жарақатыма байланысты Астанада өткен плей-офф ойындарына (жеңімпазды анықтаған шешуші сәт) және Тайланда болған Азия чемпиондар лигасына қатыса алмадым. Бастысы команда барлық сыннан сүрінбеді. Біз өз қалаған кубоктарымызды алдық. Ал дәл қазіргі сәтте жағдайым жақсы. Әлі де ем-дом қабылдап, ақырын-ақырын іске кірісу қажет.
– Капитандық туралы айтсақ. Алаңда және одан тыс сізге қандай міндет жүктелді, оларды қалай алып жүрдіңіз?
– Ең алдымен капитандық – команданың сенімімен маған жүктелген міндет. Капитандыққа бола командадан бөлініп, болмаса олардан өзімді жоғары санаған емеспін. Қашанда командадағы қыздарға қолымнан келгенше көмектесіп, барынша қолдауға тырыстым. Достық қатынасты нығайтып, команданың атмосферасын барынша көңілді ұстауға ұмтылдым. Біздің командадағы ойыншылардың ауызбіршілігі керемет болды және әр ойыншы өз міндетін жақсы білді. Сондықтанда болар көп жағдай өз қалағанымыздай болды.
– Талдықорған ұнады ма? Бұл қала есіңізде нақты несімен қалды, әсіресе көңіліңізден шыққаны не болды?
– Талдықорған маған ерекше жақсы әсер қалдырды. Шағын, әрі жайлы, жасыл қала. Тұрғындары көмектесуге даяр, достық қатынасқа берік, қонақжай. Ал халықтың волейболға деген қызығушылығын, олардың қолдауын ерекше бағалаймын. Жанкүйерлер командамызбен үнемі байланыса отырып, барынша қолдауға тырысты.
– «Жетісуда» өткізген уақытыңызды бір сөзбен айтсаңыз.
– Тәртіп!
– Өзіңіз екі жыл ойнап, қатарынан ел чемпионатында жеңіске жеткен «Жетісу» волейбол клубына деген тілегіңіз.
– «Жетісу» волейбол клубына тек сәттілік тілеймін. Балалар волейболын дамытуды одан әрі жалғастырып, мықты ойыншылар шығаруына тілектеспін. Жетістіктері молынан болсын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Серік ҚАНТАЙ





