Жазғы демалыс – мектеп оқушылары мен студенттер үшін асыға күткен демалыс кезеңі. Алайда, осы уақытта жастардың бос уақытының көптігін заңсыз топтар өз мүдделеріне пайдалануға тырысады. Ішкі істер министрлігі жазғы каникул қарсаңында еліміздің білім алушыларына үндеу жариялап, қауіпсіздік шараларына баса назар аударуды сұрады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі уақытта интернет пен әлеуметтік желілерде жастарға бағытталған «тез әрі оңай табыс табу» туралы жарнамалар жиілеген. Сырттай қарағанда қарапайым курьерлік қызмет болып көрінгенімен, мұндай ұсыныстардың артында есірткі тасымалдау, тарату немесе оларды жарнамалау сынды ауыр қылмыстық әрекеттер жасырылады. Министрлік өкілдері атап өткендей, жасөспірімдер көбіне мұндай істердің соңы қаншалықты қайғылы аяқталатынын жете түсіне бермейді.
Есірткіге қатысты заңсыздықтар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыстар үшін ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Сондықтан уақытша пайда мен «жеңіл табыс» иллюзиясы адамның бүкіл болашағына балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Мамандар жасөспірімдерге интернеттегі кез келген жұмыс ұсынысын мұқият тексеруді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және белгісіз адамдармен қауіпті келісімдерге бармауды ұсынады. Тез ақша табудың жолы ретінде ұсынылған «закладчик» немесе «кладмен» қызметтері – тікелей түрмеге апаратын жол. Ішкі істер органдары есірткі бизнесіне қарсы күресте қазіргі заманғы цифрлық технологияларды пайдаланып, қылмыскерлерді тез анықтайтынын ескертеді. Саналы таңдау жасап, жазғы демалысты пайдалы әрі қауіпсіз өткізу әрбір жастың өз қолында.





