Жетісу облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғаудың белсенді кезеңі басталды. 2026 жылы өңірдегі 133,4 мың гектар жерді химиялық өңдеуден өткізу жоспарланған. Бұл шара шегірткенің жаппай таралуын болдырмау және егін шығынын азайту үшін қолға алынып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы tinfo.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда зиянкестердің ошақтары облыстың бірнеше ауданында, жалпы алғанда 8,4 мың гектар аумақта анықталды. Ақсу, Қаратал, Көксу, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласы маңында үйірлі емес шегірткелер тіркелсе, Алакөл, Кербұлақ және өзге де аудандарда аса қауіпті үйірлі зиянкестердің белсенділігі байқалады. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта зиянкестердің даму сатысы ерте кезеңде болғандықтан, залалсыздандыру жұмыстары жоғары нәтиже бермек.
Облыстық фитосанитарлық диагностика филиалының басшысы Бақберген Атантаев:
«Бүгінгі таңда басты мақсат – ошақтарды уақтылы анықтап, жою. Шегіртке әлі ерте сатыда болғанда, өңдеу жұмыстары максималды тиімділік береді. Қарқынды күрес шараларына 6 әуе кемесі, 24 бірлік арнайы жерүсті техникасы және 233 білікті маман жұмылдырылды. Бұл техникалық әлеует қысқа мерзімде үлкен алқаптарды қамтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Ауыл шаруашылығы – Жетісу экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан зиянкестермен күрес тек фермерлердің ғана емес, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жергілікті билік пен фитосанитарлық қызметтер жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда қосымша күштерді тартуға дайын. Диқандарды өз егістік алқаптарына мұқият болып, зиянкестер ошағы байқалса, тиісті органдарға дереу хабарлауға шақырамыз.





