15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл дата 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, алғаш рет 1994 жылдан бастап аталып өте бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған күннің басты мақсаты – әлем бойынша отбасы құндылықтарына назар аудару, жанұя институтының маңызын арттыру және жақын жандарға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.
Отбасы – әр адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Отанға деген сүйіспеншілік те ең алдымен туған шаңырақтан, ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Жанұяда берілген тәлім-тәрбие – ұлттың болашағын айқындайтын басты негіздердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та отбасының қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп келеді.
– Әрбір жарасымды жанұя – еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуының негізі, – деген болатын Президент.
Қазақ халқы үшін отбасы ұғымы қашанда қасиетті саналған. Ол – рухани тірек, тәрбие мектебі, қолдау мен қамқорлықтың бастауы.
Қазіргі таңда Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы бар.
Елімізде соңғы жылдары отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бастамалар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, жыл сайын «Аналар күні» мен «Әкелер күні» аталып өтеді. Сонымен қатар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып, қоғам тарапынан кең қолдау тауып келеді.
Мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, отбасының қоғамдағы маңызын арттыруға ықпал етеді.





