Жетісу облысы жаңадан құрылған өңірлер қатарында инвестиция саласында үздік көрсеткіш көрсеткенімен, барлық облысты қоса есептегенде, ондыққа кірмейді. Қайта, қуанышымызға орай, логистикалық аймақтар мен баламалы энергетикаға қаржы құюшылар қатары көбеюде. Ал туризм мен агроөнеркәсіпке инвесторлар аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Оның үстіне аграрлы өңірдің инфрақұрылымы толық емес.
Өткен жыл басында Жетісу облысы 375 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлаған еді, әйткенмен бұл межеге жете алмады. Соңғы он айдың нәтижесіне сүйенсек, 330 млрд.-қа жуық қаржы салымы тартылған. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Себебі, Алматы облысы мегаполиске жақындай түскен сәтте Жетісудың болашағына қара халық тұрмақ, қаржыгерлер мен кәсіпкерлер де үлкен алаңмен қарады. Тіпті бірнеше шағын бизнес өкілдері жабылып, инвестиция құюға бейіл шетелдік инвесторлар кідіріп қалды. Мәселен, Талдықорғанға жыл басынан бері 58,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
– Талдықорған қаласы облыстың бас шаһары болғандықтан инвестиция тарту көрсеткіші жоғары болу керек деген сөз қате. Неге десеңіз, біріншіден, аграрлы өңірде инвестиция салынған нысандарға назар салсаңыз көбі өнеркәсіп жанынан ашылған шағын кәсіпорындарға құйылып жатыр. Қала болғандықтан мал, егін шаруашылығы жағынан ауданның экономикалық үдерісіне төтеп бере алмайды. Ал шетелден, келген инвесторлар зауыт салуға қорқақтайды. Себебі, жер шетелдіктерге берілмейді. Сондықтан олар құйған ақшасының қайтарына сенбейді. Облыста халықтың саны да аз. Осының бәрін ескеру керек, – дейді экономист Танат Артықбаев.
Оның сөзіне сүйенсек, қазір қант қызылшасы саласына инвестор тартқан тиімді. Неге десеңіз, қытайлық технологияны пайдалана отырып, гектарынан бұрынғыдан 7-8 есе көп өнім алуға болады. Ал оны өңдеуге аймақта бар қос зауыттың күші жетпейді. Яғни, сұранысқа бәсеке жоқ. Кеңес заманынан келе жатқан өндіріс орындарындағы құралдар заман талабына сай қызмет көрсетпейді. Сол себепті облыс өзін қантпен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Жаһандық талапқа сай үлкен кәсіпорын ашылса, тәтті түбірге талас тоқтап, Жетісу жері Қазақстанды қантпен қамтамасыз етуге қауқарлы болар еді.
– Талдықорған қаласында өткен 11 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1% өсіп, 147,7 млрд. теңгені құраған. Былтыр 5 жаңа өндіріс іске қосылып, жұмыс істеп тұрған бір өндіріс кеңейтілді. Соның нәтижесінде 209 жаңа жұмыс орны құрылды. Талдықорған индустриялық аймағында тоқтап тұрған екі кәсіпорын, атап айтқанда, «Жетісу Мажико» ЖШС, «Жетісу Май» ЖШС жұмысын қайта жандандырған. Сондай-ақ, стационарлық аккумуляторлық батареялар шығаратын «ASMA Industrial» зауыты ашылды, оған 8,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 180 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар газбетонды блоктар өндіретін «Стальбетон» зауытының және жылдық қуаттылығы 110 бірлікті құрайтын «BNK irrigation» жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын шағын зауыттың құрылысы аяқталады, – дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Естеріңізде болса, былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев арнайы іссапармен келгенде облыс басшысы Бейбіт Исабаев өңірлік өнім көлемін 7,1 пайыз өсімге қол жеткізетінін айтқан. Бұл ретте он айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 112,8 пайызды құрады. Мәселен, былтыр 1,3 есе өсіммен 327,1 млрд теңге инвестиция тартылды десек, ондағы жеке инвестициялар саны 2023 жылға қарағанда 1,6 есеге өскен. 2024-2030 жылдарға арналған құны 3,5 трлн. теңге болатын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Бүгінде 54,9 млрд. теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр. 549 кәсіп-орын тіркеліп, 30 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Соңғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен.
– Инвестиция тартуға тапсырыс беру тетігі әр аймақтың ерекшелігіне сай әрі бизнес қауымдастықтардың сұранысына сәйкес жүреді. Жетісу ауылшаруашылығы саласына иек артатыны сөзсіз. Әр облыста бюджет қаражаты емес, жеке инвестицияға басымдық берілгені дұрыс. Жетісуда өңдеу өнеркәсібі басқа аймақтармен салыстырғанда төмен. Мәселен, Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар әлі толық нәтиже бермеді. Жауапты басқарма тарапынан да тиісті бақылау жүргізілмеген секілді. Мұнда инвесторларға қажетті инфрақұрылымның дайындығы төмен. Осыған байланысты инвестиция тарту, өндірісті дамыту бойынша сапалы жоспар әзірлену керек. Әрине, аграрлы өңір болған соң ауылшаруашылығының дамуында оң динамика байқалады. Салыстырмалы түрде өндіріс көлемі, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары ілгерілей түскен. Әлі де өсім қажет, – дейді ҰЭМ Инвестициялық саясат басқармасының маманы Алтай Қайназаров.
Мәселен, 2023 жылы 350,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, өңірде құны 90 млрд. теңгеге жуықтайтын 86 жоба іске асырылып, 200-ден аса жұмыс орны ашылған. Мұндағы негізгі үлес бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі, яғни 64,3 пайыз немесе 225,5 млрд. теңге, бұл 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда 26,6 пайызға артық. Былтыр өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2023 жылдың көрсеткішінен 4,1 пайызға көп.
Еліміз 2029 жылға дейін 150 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай сол мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық цикл іске қосылды. Алда аса маңызды 4 жыл тұр. Осы ретте сырттан инвестор тарту ісін белсенді атқару, инвестициялық климатты жақсарту облыс әкімдері үшін де маңызды. Бұл міндетті әр аймақ басшылығы жауапкершілікпен сезінсе дейміз.
Мұхтар КҮМІСБЕК





