2018 жылы күзде Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы «Қорғас» кеден бекетіне басшылық қызметке бардым. Бұрыннан атышулы жер екенін жақсы білемін, әрине. Басшылық сеніп тапсырған соң амал жоқ, тәуекел жасауға тура келді.
Өкінішке орай, ол жерде қызмет істейтін әріптестерден ешкімді танымайтын едім. Тек есімі республикаға танымал кеденші Бекен Нұрахметовтың сонда екенін естігенде қатты қуандым. Себебі ол өмір жолында қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің полковнигі, қатардағы инспектордан кеден бастығына дейінгі жолдан өткен тәжірибесі мол азамат. Және де бірнеше жыл қытаймен шекарада жүріп, от пен судың арасында мықтап шыңдалған. Сонымен қатар, жеке басынан үш қастандықты өткізген жайы бар. Ал «Қорғас» кеден бекетіне ештеңеден тайсалмайтын осындай қайсар да қағидатшыл жігіттер керек еді.
Келген бетте аталмыш кеден бекетіндегі жұмыс барысы мен ойлағандағыдан әлдеқайда қиын болып шықты. Кеденнің бақылау аймағын сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлаған. Қылмыстық элемент өкілдері мен «несундар» кеденшілерді әбден басынып алғаны соншалық жолаушылар терминалынан заңсыз өтіп жатқан тауарларда есеп жоқ. Ал кедендік тексеру мен кедендік төлемдерді өндіру жағы мүлде ұмыт қалған. Тіпті, кеден ережесін бұзу жөнінде қолданылған әкімшілік шаралардың саны да елеусіз ғана болатын. Сол кезде Бекен Төлеужанұлы кеден бекетіндегі бүкіл мәселелермен таныстырып, оны шешудің жолдарын іздестіру барысында көп көмек көрсетті. Мен оны өзімнің орынбасарым ретінде қабылдап, демалысқа кеткен кезде бар жауапкершілікті нық сеніммен арта алатынмын. Себебі, қызметте одан басқа сенетін жан жоқ еді.
Біз бірінші кезекте жұмысты өз ішіміздегі «несундармен» «ауыз жаласып», бандиттік құрылым өкілдерімен сыбайластыққа жақын жүретін қызметкерлерден бастадық. Оларға «жұмыстан өз еркіңмен кет немесе қызметіңді талапқа сай атқар» деп қатаң талап қойдық. Осылайша, ұжымдағы жігіттерді бірауыздан жұмылдыра жүріп, жолаушылар терминалынан заңсыз өтіп жатқан тауарларды тоқтатуға қол жеткіздік. Нәтижесінде кедендік төлемдер бірнеше есе артып, кеден ережесін бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері де көбейді. Қаншама кедендік шекарадан өткізуге тыйым салған тауарлар ұсталып, сот шешімімен жойылды. Бұл үлкен жетістік еді. Сонымен қатар, сол маңайда жүрген қылмыстық элемент өкілдерімен, «несундармен» ашық сөйлесіп, кеден заңына бағынуды талап еттік. «Несундардың» бәрі жаппай кедендік кіріс ордерін рәсімдеу арқылы кедендік төлемдерді төлеуге келісті. Ал енді біздің талаптарымызға көнбеген бес-алты қылмыстық элемент өкілдері заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот залында тиісті жазаларын алды. Сөйтіп, кеденшілерді басынып жүргендер лезде аяқтарын тартып, заң талаптарына бағынуға мәжбүр болды. Осылайша, қоғам алдында беделі бетегеден төмен түсіп кеткен кеден бекетінің абыройын бір сатыға көтере білдік. Әріптестеріміздің де еңселері көтеріліп қалды.
Көп ұзамай біздің бұл еңбегіміз өз нәтижесін берді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша кеден бекетінде 30 мың блок темекі өнімдері, 1,5 мыңға жуық қымбат бағалы тондар, 4,5 тонна өткізуге тыйым салынған әртүрлі дәрі-дәрмек, 2,5 мың дана ұялы телефон тәркіленді. Кедендік төлемдер он есеге артты. Сөйтіп, жыл қорытындысы нәтижесінде «Қорғас» кеден бекетінің көрсеткіштері республика бойынша бірінші орынға шықты. Соның нәтижесінде Бекен Төлеужанұлы Қаржы министрінің бұйрығымен «Мемлекеттік кірістер органының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Әрине, бұл марапат оңайлықпен келген жоқ. Бұл жерде де Бекен Төлеужанұлының артынан шам алып түсіп, қастандық жасамақшы болғандар кездеспей қалған жоқ. Тіпті, жеке автокөлігінің дөңгелектерін жарып, зақымдап кетуге дейін барды. Алайда, олар өз дегеніне жете алмады.
2022 жылдың ақпан айында мен «Алтынкөл-жол» кеден бекетіне басшылыққа тағайындалдым. Сол жылдың қыркүйек айында Бекен Төлеужанұлы орынбасар болып қызметке келді. Екеуміз тағы да ауызбірлікпен еңбек ете отырып, көп нәтижелерге қол жеткіздік. Кедендік төлемдер бірнеше есеге артып, кеден заңын бұзушыларға қарсы күресте үлкен нәтижелерге қол жетті. Бірнеше миллиард теңгенің контрабандалық әрекеттері әшкереленді. Соның нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Алтынкөл-жол» кеден бекеті республикадағы теміржол кеден бекеттері арасындағы жарыс номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жерде Бекен Төлеужанұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сол жылы желтоқсан айында Бекен Төлеужанұлы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бекен Төлеужанұлы кәсіби қызметте ғана емес, қоғамдық өмірде де көп жетістікке қол жеткізіп жүрген бесаспап азамат. Атап айтсақ, бірнеше прозалық кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Бұған қоса 2022 жылдың желтоқсан айында жерлестерінің қошаметіне бөлене отырып, «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Осындай қошаметтерге қарап отырып, оның өзі еңбек етіп жүрген ұжымда ғана емес, туған жеріне де сыйлы азамат екенін аңғаруға болады.
Қазіргі уақытта Бекен Төлеужанұлы үлгілі отбасының тірегі ретінде төрт баланың әкесі және сегіз немеренің сүйікті атасы. Балаларының бәрі мектепті үздік бітіріп, жоғары білімді шетелдің белді университеттерінде алған. Кенже қызы Дана джиу-джитсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, бірнеше халықаралық турнирдің және Испания мен Италияның чемпионы атанды. Әке үшін бұл да бір тәрбиенің жемісі, бұл да бір үлкен бақыт екені сөзсіз.
Иә, бұл өмірде жаныңда бірге жүрген серіктесің сенімді болса, ол да бір үлкен олжа екен. Осы орайда қызмет барысында Бекен Төлеужанұлымен қаншама қиын да жауапты шақтарды бірге өткіздік. Қаншама қыл үстіндегі сынаулы сәттер кездессе де, бір-біріміздің арамыздан ала мысықтың өтуіне жол бермедік. Ауызбірлігіміз ажырамады. Сондықтан да Бекен Төлеужан- ұлы сияқты азаматпен аға-іні ретінде сыйласып, иық тіресіп, бірге жүрген күндеріме ризамын. Саулығыңызды тілеймін, полковник мырза!
Арман ҚОЖАСБАЕВ
Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшысы





